«Аңсаған сәбиге» жеткізетін орталықтың аясы кеңейеді – ШҚО
«Экомед-Шығыс» медициналық орталығы ашылған бес жыл ішінде облыста экстракорпоралдық ұрықтандыру әдісімен 480-нен астам бала дүниеге келген.
Бұл туралы «Бедеулікті емдеудегі заманауи тәсілдер» тақырыбындағы ғылыми-практикалық семинарда айтылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Гинекологтар, эндокринологтар, уролог-андрологтар, генетиктер, жалпы практика дәрігерлеріне арналған ғылыми-практикалық семинар Өскемендегі «Экомед-Шығыс» медициналық орталығының бес жылдығына және «Экомед» клиникалар желісінің алдағы 30 жылдығына орай өтті. Іс-шараға жергілікті дәрігерлермен қатар, еліміздің барлық өңірінен аталмыш клиникалар желісінің басшылары келіп қатысты.
Айта кетейік, 29 жыл ішінде елімізде ЭКҰ әдісімен 30 мыңнан астам бала дүниеге келді. 2021 жылдан бастап Үкімет жыл сайын «Аңсаған сәби» бағдарламасына 7 000 квота бөледі.