KZ
Өскемен
-11°
пасмурно жел 2 м/с, СБ
503.9 603.32 6.61

Өңірдің жоғары сынып оқушыларына болашақ мамандық таңдауға бағыт-бағдар берілді

24.01.2026, 09:30 351 Айна Бакимбаева

Шығыс Қазақстан облысында 10–11 сынып оқушылары Шығыс Қазақстан университетінде өткен Ашық есік күніне қатысып, түрлі білім беру бағдарламаларымен танысты. Іс-шара түлектерге өз қабілеті мен қызығушылығына сай мамандық таңдауға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ашық есік күніне облыс орталығындағы мектептердің жоғары сынып оқушылары, ата-аналар, ұстаздар мен білім беру саласының өкілдері қатысты. Кездесудің басты мақсаты – жастарды саналы мамандық таңдауға, заманауи білім беру бағыттарына қызығушылығын арттыру және мектептер мен жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайту.

Іс-шара барысында ЖОО проректоры Ирина Ровнякова оқу ордасының жетістіктері мен жастарға ұсынылатын мүмкіндіктер туралы кеңінен баяндады. Оның айтуынша, соңғы бірнеше жылда университетке «Білікті маман» жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің гранттары бөлініп келеді. Әлеуметтік осал топтағы жастарға, мүмкіндігі шектеулі түлектерге арналған гранттар саны жыл сайын артып отыр.

– Мемлекет әрбір жасқа жоғары білім алуға мүмкіндік береді. Бұл мүмкіндікті туған өлкеден шықпай-ақ пайдалануға болады. Университетті тәмамдаған түлектер Қазақстанда да, шетелде де бәсекеге қабілетті маман ретінде еңбек ете алады, – деді проректор.

Университет қабырғасында республикада баламасы жоқ бірқатар бірегей білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, арнайы педагогика, экология және өзге де еңбек нарығында сұранысқа ие бағыттар бойынша мамандар даярланады. Барлық бағдарламалар жұмыс берушілердің нақты сұранысына сай әзірленген.

ҰБТ нәтижелері жарияланған сәттен бастап талапкерлерге мамандық таңдау және құжат тапсыру кезеңдерінің барлығында жан-жақты кеңес пен қолдау көрсетіледі. Студенттер оқу барысында ғылыми жобалармен айналысып, практикалық әзірлемелер мен заманауи зертханаларда жұмыс істеу мүмкіндігіне ие.

Ашық есік күні аясында университеттің Жоғары мектептері мен Жоғары колледжінің білім беру бағдарламалары таныстырылған кәсіби бағдар көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар «AI Lifehack Battle: жасөспірімге жасанды интеллект қалай көмектесе алады?» атты байқаудың финалы өтіп, үздік командалар марапатталды.

Биология кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Алмаш Кітапбаева Ашық есік күнінің маңыздылығына тоқталды.

– Мамандық таңдау кезінде ата-аналар баланың қабілеті мен қызығушылығын ескеруі керек. Өз арманын балаға зорлап таңуға болмайды. Дұрыс таңдалған мамандық – баланың болашақ өмір жолының берік негізі, – деді ол.

Ал дене тәрбиесі және бастапқы әскери даярлық кафедрасының меңгерушісі Александр Зуев қазіргі жастардың спортқа белсенді араласатынын атап өтті. Университетте паралимпиада чемпионы, әлемге танымал дзюдошы Ақмарал Науатбек сынды студенттер білім алуда. Көптеген түлектер кәсіби спорт пен жаттықтырушылық қызметте зор жетістіктерге жетіп жүр.

Өскемен қаласындағы №42 орта мектептің оқушысы Арайлым Темірбекова бала кезінен архитектор болуды армандайды.

– Қазір елімізде құрылыс саласы қарқынды дамып келеді, әсем ғимараттар мен тұрғын үйлер салынуда. Мен негізі сәулетші мамандығын меңгеріп, Жаңа Қазақстанның көркем әрі заманауи келбетін қалыптастыруға өз үлесімді қосуды қалаймын, – деді ол.

Ал №38 гимназияның оқушысы Полина Гавриленко шет тілдеріне бала кезінен қызығады. Болашақта тіл үйренгісі келетін жандарға көмектесіп, әлем елдерін аралауды армандайды. Қазіргі таңда ол қазақ және ағылшын тілдерін тереңдетіп оқып жүр.


Фото: Артем Жигулин 

Видео: Жалғас Сакадиев 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу