АЭС экономиканың қозғаушы күшіне айналады
Шығыс Қазақстан облысының АЭС салу жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Д.Серікбаев атындағы университет студенттерімен кездесті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясының жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы ұйымдастырған ашық диалог алаңында елімізде атом электр станциясын салу тақырыбы талқыланды.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында АЭС салу жөнінде жалпыхалықтық референдум өткізу қажеттігін атап өткені белгілі.
Осы орайда АЭС салудың маңызы туралы халықпен ашық әңгімелесу және осы жобаны жүзеге асыруға байланысты Республикалық Халықтық штаб құрылды. Оның құрамына алты партия және 20 республикалық қоғамдық бірлестіктердің 250-ден астам өкілі кірді.
Бүгінгі шара барысында өңірлік штаб мүшелері - «AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмәділова, Қазақстан Халықтық партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Анжела Горностаева және Шығыс Қазақстан облыстық «Байтақ» партиясының атқарушы хатшысы Алмаз Жакишев осы мәселе төңірегінде жастармен пікір алмасты.
Сонымен қатар Халықтық штаб мүшелері атом энергетикасы саласында жоғары білікті мамандар даярланып, мыңдаған жаңа жұмыс орындары пайда болатындығын айтты.
Айта кетсек, қазір елімізде 5 миллионнан астам дауыс берушілер - жастар. Сондықтан Халықтық штаб мүшелері жастарды алдымыздағы саяси науқанда дұрыс таңдау жасауға шақырды.