KZ
Өскемен
-22°
плотный туман жел 1 м/с, ОШ
505.71 591.43 6.65

Президент Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы Жарлыққа қол қойды

Кеше, 22:00 151 Базарова Айгүл

Бесінші Ұлттық құрылтайда айтылған бастамалар аясында Мемлекет басшысы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияны құру туралы Жарлыққа қол қойды. Комиссия құрамына 120 адам енгізілді, деп хабарлайды Altainews.kz.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бесінші Ұлттық құрылтай отырысында Конституциялық реформаны жалғастыру қажет екенін атап өтіп, бұл бағытта арнайы комиссия құру туралы шешім қабылдаған болатын. Мемлекет басшысы айтқандай, алдағы өзгерістер ауқымы жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам болмақ.

Осыған сәйкес Президент Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы Жарлыққа қол қойды. Комиссияның төрағасы болып Қазақстан Республикасының Конституциялық сотының төрағасы Эльвира Әзімова бекітілді. Комиссия төрағасының орынбасарлары ретінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин мен Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тағайындалды.

Комиссия құрамына белгілі заңгерлер, қоғам қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, облыс әкімдері, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері енді. Жалпы саны 120 адам жұмыс істейді.

Бесінші Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Конституцияның жекелеген нормаларын нақтылау қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, Президент өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жағдайында кезектен тыс сайлау өткізу мерзімін нақты белгілеу, Ата заңның преамбуласын ұлттық құндылықтар негізінде қайта жазу, құқықтық мемлекет қағидаттарын, экологияны қорғау, цифрландыру және азаматтардың дербес деректерін қорғау мәселелерін Конституция деңгейінде бекіту ұсынылды.

Сонымен қатар, Конституция мәтініндегі терминологиялық және стильдік кемшіліктерді түзету, бұл жұмысқа кәсіби заңгерлермен қатар тіл мамандарын тарту қажеттігі айтылды.

Президенттің айтуынша, комиссия барлық ұсыныстарды саралап, нақты өзгерістердің жобасын әзірлейді. Кейін бұл өзгерістер жалпыхалықтық референдумға шығарылатын болады.

Айта кетейік, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрамына Шығыс Қазақстан облысынан облыстық мәслихат төрағасы Денис Рыпаков пен облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Аяужан Әшімова енді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу