KZ
Өскемен
-12°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
507.05 594.82 6.51

Қазақстан мен Қытай стратегиялық серіктестікті тереңдетуге ниетті

29.10.2025, 09:30 196 Базарова Айгүл

Қытай тарапының шақыруымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барды. Сапар барысында ол Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, Сыртқы істер министрі Ван Имен конструктивті кездесу өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Кездесуде Ермек Көшербаев Қытай тарапын ҚХР құрылғанына 76 жыл толуымен және Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің ХХ шақырылымдағы IV пленумының табысты өтуімен құттықтады.

Тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың бірлескен жұмыс бағыттарын, сондай-ақ жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын жан-жақты талқылады. Сауда-экономика, энергетика, көлік-логистика және мәдени-гуманитарлық салалардағы бірлескен жобалардың нақты іске асырылуына ерекше назар аударылды.

Сыртқы істер министрлері тату көршілік, өзара сенім және тиімділік қағидаттарына негізделген Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың тұрақты дамып келе жатқанын атап өтіп, стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін растады.

– Қазақстан мен Қытай басшылары арасындағы достық байланыстар мемлекетаралық қатынастарды үдемелі дамытуға берік негіз болып отыр. Биылғы өзара сапарлар мен келіссөздер қазақ-қытай ынтымақтастығын бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді, – деді Ермек Көшербаев.
– Қазақстан – өңірдегі сенімді стратегиялық серіктесіміз. Біз екі ел халқының игілігі үшін өзара тиімді ынтымақтастықты жан-жақты нығайтып, дамытуға дайынбыз, – деп атап өтті өз кезегінде Ван И.

Кездесу қорытындысында тараптар екіжақты қарым-қатынастың жоғары қарқыны мен кең ауқымына қанағаттанушылық білдіріп, алдағы сапарлар мен іс-шаралар жоспарына сәйкес ведомствоаралық және өңіраралық ынтымақтастықты жандандыру бойынша нақты қадамдарды айқындады.

Сонымен қатар министрлер сыртқы саяси ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіруді жалғастыруға және БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК, «Орталық Азия – Қытай» форматтары аясындағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға уағдаласты.

Сапар аясында Ермек Көшербаев Бейжіңдегі Қазақстанның мәдени орталығында болып, мекеменің қазақ мәдениеті мен тілін дәріптеу, сондай-ақ екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды дамыту бағытындағы қызметімен танысты. Министр мұндай бастамалардың білім, туризм және мәдени алмасу салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтуға зор үлес қосатынын атап өтті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу