ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығы "Mindray Resona 7" заманауи диагностикалық жүйесімен толықтырылды.
Ол әдеттегі ультрадыбыстық аппараттардан жоғары сапалы визуализациясы және кеңейтілген мүмкіндіктерімен ерекшеленеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Айта кету керек, аталмыш аппарат «Казцинк» ЖШС демеулішігімен сатып алынған.
Ультрадыбыстық зерттеу онкологияны емдеуде кеңінен қолданылады. Себебі ол алғашқы диагностиканың ең қауіпсіз және жылдам әдісі.
- ШҚО-да жыл сайын 40 пен 70 жас аралығындағы 55 000-ға жуық әйел скринингтік тексеруден өтеді. Олардың шамамен 10 пайызы тереңірек зерттеуді қажет етеді. Ал, бұл аппарат арқылы қысқа уақыт ішінде мамандар сүт безі обырын ерте сатысында анықтай алды. Уақтылы диагноз қоюдың арқасында пациенттердің сауығып кетуіне де мүмкіндік жоғары, - дейді онкология және хирургия орталығының директоры Анна Кухарева.
"Mindray Resona 7" ең кішкентай бөлшектерді ажыратып, шамамен үш миллиметр болатын ісікті анықтай алады. Сонымен қатар, жоғары сапасының арқасында биопсия үшін де сәтті қолданылады.
- Денсаулық сақтау нысандарын жақсарту - -біздің әлеуметтік қызметіміздегі басым бағыттардың бірі. Біз үнемі сапалы, озық медицина жерлестерімізге қолжетімді болуы үшін ең заманауи жабдықтарды сатып алуға тырысамыз. Жаңа ультрадыбыстық аппараттың арқасында емдеу сапасы жақсарып, дәрігерлер бірнеше адамның өмірін сақтап қалатынына сенімдімін, - деді «Казцинк» ЖШС-ның әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазерев.