Джиу-джитсу спорты қыздарға аса қиын емес
Кейінгі кездері елімізде джиу-джитсу спорты кең таралып келеді. Осы спорт түрімен айналысып, кәсіби белестерді бағындырып жүрген жандардың қатары да көбейген. Әсіресе жетістікке жеткендер арасында қыздардың да болуы бізді қуантады.
Жібек Құлымбетова осы спорт түріне «жеңіске жетемін» деп алдына мақсат қойып келмегенімен, әлемнің екі дүркін чемпионы болды. Оны анасы бауырымен бірге үйірмеге жетелеп апарып, үлкен үміт артқан. Ал Жібек артылған үмітті ақтауға барын салды. Дайындақтарға үзбей қатысады.
– Джиу-джитсуда қол мен аяқ жұмсау жоқ, тек күресу керек. Сонысымен қыздарға аса қиын емес, – дейді кейіпкеріміз.
Ол бүгінде өмірін спортсыз елестете алмайды.
– Жеңіске жету, чемпион болу деген – өте ерекше сезім. Адамды одан әрмен алға жетелей түседі. Мен жарыстарда ауырту тәсілін қолданып, қарсыластарымды көбіне уақытынан бұрын жеңіп отырдым. Жарыс алдында әрқашан Жаратушыға сыйынамын, – деп өз ойын бөлісті спортшы.
Жібек қазір кезекті жарысқа дайындалып жатыр.
– Аптасына үш мәрте жаттығамын. Көптеген жарыста жеңіп шығуыма ықпал еткен ұстазым Нұрсұлтан Орынбасаровтың айтқанын бұлжытпай орындауға тырысамын. Қазір А2 жарысына дайындалып жатырмын, – дейді ол.
Жібектің өмірлік ұстанымы: «Армандар орындалады, мақсатың айқын болса». Ендеше, жасөспірім қыз әлі талай сында еліміздің көк Туын көкке көтеретініне сенім мол.
Әмина Марданманова,
№45 бейімделген орта мектебінің 11-сынып оқушысы