Өскеменде жастардан жасақталған белсенді 30 ұйым тіркелген
О.Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада Жастар ресурстық орталығы шаһардағы белсенді жастардың басын қосты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Шараның басты мақсаты – мемлекеттік жастар саясатын тиімді жүзеге асыру.
Кездесуге әр түрлі саланың белсенділері қатысып, өз ойларын ортаға салды.
- Бүгін қаламыздағы жастардың басын қосып, еркін сұхбат құрдық. Жас белсенділер тек оқу орынның төңірегінде ғана белсенділік танытып жүр. Енді біз осы белсенді ұйымдарды қалалық деңгейге көтеруді жоспарлап отырмыз. Өскеменді жастар қаласы етіп құрғымыз келеді, - дейді Өскемен қалалық Жастар ресурстық орталығы директорының уақытша міндетін атқарушы Бақытжан Ерболқызы.
Кездесу барысында белсенді жастар студенттердің дамып, өркендеуі үшін тек оқумен ғана шектелудің жеткіліксіз екендігін айтты. Ол үшін оқумен қатар, қоғамдық жұмыстарды және өзін алға жетелейтін сүйікті ісімен айналысуға шақырды.
Бүгінде Өскемен қаласында 53 мың жас бар. Жастардан жасақталған белсенді 30 ұйым тіркелген. Сонымен қатар, қала бойынша 1200 ерікті бар.
Өскемен қалалық Жастар ресурстық орталығы директорының уақытша міндетін атқарушы Бақытжан Ерболқызының сөзіне сүйенсек, жастар ұйымдарына кіруге ынта білдірген жастар әлі де көп көрінеді.