Бірінші сыныпқа «Әліппе» мен «Ана тілі» оралады – БҒМ
Қазақстанда бірінші сынып оқушылары басқаша оқитын болады. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook желісіндегі парақшасында айтты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Министрдің айтуынша, жақында Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартқа өзгерістер енгізіліп, Әділет министрлігінде тіркеуден өтті.
Ондағы маңызды жаңалықтардың бірі – келесі 2021 оқу жылында бірінші сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқитын болады. Бірінші сынып оқушылары оқу жылының бастапқы екі тоқсанында «Әліппенің» бағдарламасын оқыса, қалған екі тоқсанда «Ана тілі» пәнін оқиды. Айта кетейін, «Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалады, - деді министр.