Шығыс Қазақстанда бұрқасын мен тұман күтіледі
«Қазгидромет» Шығыс Қазақстан филиалының мәліметіне сәйкес, 23 желтоқсан күні облыстың солтүстік-батыс аумағында бұрқасын күтіледі. Сондай-ақ түнгі және таңғы уақытта облыстың оңтүстігі мен орталығында тұман түсуі ықтимал, деп хабарлайды Altainews.kz.
Жел оңтүстік-шығыс пен оңтүстіктен соғады, екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Өскемен қаласында түнде бұрқасын күтіледі, желдің жылдамдығы 15–18 м/с шамасында болады.
Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады:
- қолайсыз ауа райында алыс жолға шығудан бас тартқан жөн, ал жолға шығу қажет болған жағдайда алдын ала мұқият дайындалыңыз;
- көлік жүргізу кезінде жылдамдық режимін сақтап, арақашықтықты қадағалаңыз;
- жаяу жүргіншілерге тайғанап құлап қалмау үшін асықпай, сақтықпен қозғалу ұсынылады;
- қатты жел кезінде электр сымдарына және бос тұрған заттарға жақындамаңыз;
- автобус аялдамаларының артына немесе ағаштардың астына паналамаңыз.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда «112» нөміріне қоңырау шалу қажет.