Шығыс Қазақстан дамуының жаңа тұжырымдамасы жасалуда
Өскемен жұртымен кездесу барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қорытынды сөзінде Шығыс Қазақстан облысының 2030 жылға дейінгі жаңа даму стратегиясы әзірленіп жатқанын атап өтті. Бұл құжаттың басты мақсаты – қол жеткізілген нәтижелерді бекітіп қою ғана емес, өңірді дамытуға деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп, тұрғындардың өмір сапасын нақты деңгейде арттыру, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа стратегиялық пайым, ең алдымен, Өскемен қаласының әлеуетіне сүйенеді. Өйткені Өскемен – облыстың ең ірі өнеркәсіптік, әлеуметтік әрі инновациялық орталығы. Алдағы жылдары қала өңірлік дамудың негізгі өзегіне, көші-қонның басты тартылыс нүктесіне айналмақ. Бұл бағытта тұрғын үй құрылысының жаңа толқынын бастау, ескі ғимараттарды реновациялау, көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, қалалық аумақтардың өзара байланысын күшейту және өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру басымдыққа ие.
Өңір басшысы атап өткендей, Өскеменнің дамуы – Шығыс Қазақстанның орнықты өсімінің, экономикалық жаңғыруының және болашаққа нық қадам басуының басты шарты. Қала қаншалықты қуатты әрі жайлы болса, тұтас өңірдің де тынысы кеңейіп, мүмкіндіктер көкжиегі айқындала түспек.
Артем Жигулин
Махаббат Ахметжанова



