KZ
Өскемен
-14°
переменная облачность жел 1 м/с, ОШ
502.57 591.68 6.42

Өскемендегі қоғамдық көліктердің жартысынан астамы жаңартылған

22.12.2025, 14:15 128

Облыс әкімімен кездесу барысында тұрғындар Өскемен қаласының жаңа ықшам аудандарына қатынайтын қоғамдық көліктер санына қатысты да сауал жолдады. Мәселен, Өскемен қаласы, Әлия Молдағұлова көшесінің тұрғыны Сабыр Оспанов қоғамдық көліктер санын әлі де көбейте түссе деген өтінішін білдірді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

– Облыс орталығында жыл санап халық саны артып келеді. Тұрғындардың 50-60 пайызы қоғамдық көліктерді пайдаланады. Айтқым келгені, қалада қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі байқалады. Сіз есепті баяндамаңызда бір жылдың ішінде 45 автобус сатып алынғанын айтып қуанттыңыз. Қазір қаланың Сол жағалау бөлігі жыл санап кеңейіп келеді. Жаңа Есенберлин атындағы даңғылы салынды. Тұрғындар атынан өтінішіміз, жаңадан бой көтерген тұрғын аудандарға қатынайтын бағыттарда автобус санын көбейтуге ықпал етсеңіз. Аталған бағыттарды қайтадан зерделеп, қажетті маршруттарға қоғамдық көлік санын арттыруға тапсырма берсеңіз. Өйткені, кейде тұрғындар 20 минутқа дейін көлік тосып қалады, – деді ол.

Өз кезегінде аймақ әкімі соңғы жылдары облыс орталығына 203 үлкен автобус және 48 шағын автобус сатып алынғанын атап өтті.

– Автобустар үшін қажетті субсидиялар мен қаржыны бөлдік. Қазіргі күнде 400-ден аса автобус жүріп тұрса, соның жартысынан астамы жаңарды деген сөз. Өскеменде он тасымалдаушы бар. Олардың әрқайсысымен жеке жұмыстар жүргізілуде. Қалалық бағыттарда Onay бағдарламасы іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Бағдарлама әр бағыттағы автобустың қозғалысын, уақыт ара қашықтығын, кестеден кешікпеуін қадағалап отырады. Сондықтан тасымалдаушылар келесі жылғы субсидиядан қағылмауы үшін өздері жанын салып еңбек етеді, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының айтуынша, бұл мәселе үнемі тұрақты бақылауда ұсталынады. Себебі, қала өмірінде өскемендіктердің жұмысқа кешікпей баруын, оқушылардың суыққа ұрынбай мектепке тез жетуін қамтамасыз ету – ең бірінші кезектегі мәселе.

Өскеменде дәл қазір 63 бағытта қоғамдық көліктер жүріп тұр. Жаңа бағыттарды ашу жұмыстары жүйелі түрде жалғасады. Сол мақсатта Өскемен қаласының әкіміне автобус тоқтайтын аялдамаларды заманауи талапқа сай орнатуға, қоғамдық көлік айналып өте алатындай етіп жолдарды кеңейтуге, автобустардың кестеден кешікпеуіне бақылау жасауға тапсырма берілді.  


Дәурен Аллабергенұлы

Артем Жигулин

Махаббат Ахметжанова 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу