KZ
Өскемен
-26°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, СШ
510.95 594.49 6.5

Ұлт жадының тірегі – архив саласы және оның дамуы

22.12.2025, 15:45 144 Төлеуғазы Жансая

Бүгін, 22 желтоқсан — ел тарихын сақтап, оны келер ұрпаққа аманат етіп қалдыруға зор үлес қосып жүрген архив саласы мамандарының күні, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қазақстан архивтері ұлттық мәдени-тарихи мұраны сақтау ісінде маңызды рөл атқарып келеді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, елімізде 236 мемлекеттік архив жұмыс істейді. Оларда жалпы көлемі 27,8 миллион сақтау бірлігін қамтитын 74 725 архив қоры сақтаулы. Архив саласын цифрландыру бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 3 миллионнан астам архив ісі электронды форматқа көшіріліп, бұл тарихи құжаттарға қолжетімділікті едәуір арттырды.

Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында берген тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі архивтерде, музейлерде және кітапханаларда сақталған тарихи құжаттық материалдарды біріктіретін «Ұлттық цифрлық архив» порталының жол картасын бекітті. Аталған жобаны іске асыру 2026 жылдың желтоқсанына жоспарланған.

Архив саласының инфрақұрылымын дамыту да басым бағыттардың бірі болып отыр. Президенттің тапсырмасына сәйкес Орталық мемлекеттік архив үшін 700 мың сақтау бірлігіне арналған жаңа қойма салуға қажетті жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды. Сонымен қатар еліміздің жеті өңірінде жаңа архив ғимараттарын салуға арналған жер телімдері бөлінді. Жамбыл облысында аудандық архивтерге арналған заманауи талаптарға сай екі жаңа ғимарат пайдалануға берілсе, Қызылорда облысында «Руханият орталығы» бой көтеріп, оған жеті ауданның мемлекеттік архивтері көшірілді.

Архив саласы мамандарының кәсіби әлеуетін арттыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы жылдары «Кітапхана ісі, ақпаратты өңдеу және архив ісі» білім беру бағдарламасы бойынша бөлінетін мемлекеттік гранттар саны айтарлықтай өсті. Бұған қоса, магистратура және PhD бағдарламалары арқылы салаға білікті кадрлар даярлануда. Биылдың өзінде жүздеген архив қызметкері біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Әлеуметтік қолдау шараларының нәтижесінде 2025 жылы архив саласы қызметкерлерінің орташа жалақысы 29 пайызға артты.

Ғылыми-зерттеу бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жалғасып келеді. «Архив – 2025» жобасы аясында отандық мамандар Германия, Польша, Франция, Түркия, Үндістан, Иран, Мысыр және Орталық Азия елдерін қоса алғанда, 14-тен астам мемлекеттің архивтері мен кітапханаларында зерттеу жүргізді. Нәтижесінде Қазақстан тарихына қатысты 7 мыңнан астам құнды құжат анықталып, ғылыми айналымға енгізілуде.

Сондай-ақ, тарихи жадыны сақтау және отандастарымыздың ерлігін ұлықтау мақсатында «Батырларға тағзым» веб-порталы іске қосылды. Бүгінде порталға 690 мыңнан астам майдангер туралы мәлімет енгізіліп, Кеңес Одағының Батырлары мен Даңқ ордені иегерлері туралы деректер көпшілікке қолжетімді етілді.

Архив саласының дамуы — ел тарихына деген құрметтің айқын көрінісі. Ал архившілердің тынымсыз еңбегі ұлт жадысын сақтап, өткен мен бүгінді, болашақты жалғап тұрған маңызды рухани көпір болып қала бермек.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу