Ауыл амандығы назарда: Ахмерде жаңа медициналық нысан іске қосылады
Өскемен қаласының тұрғындарымен өткен ашық форматтағы кездесуде облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қала іргесіндегі Ахмер ауылы халқының көкейіндегі ең өзекті мәселенің біріне құлақ түрді. Күнделікті тіршілікте денсаулық сақтау қызметінің қолжетімділігі айрықша мәнге ие екенін айтқан ауыл тұрғындары елді мекенде салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пункттің тағдырын сұрады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Халқы төрт мыңнан асатын, көпбалалы аналар саны басым қала іргесіндегі ауыл үшін бұл нысан жай ғана ғимарат емес, талай тағдырға араша болатын, аналар мен балалардың амандығын айқындайтын маңызды тірек екені сөзсіз.
Ахмерліктер үшін жаңа медициналық пункттің ашылуы – облыс орталығындағы әрбір емханаға сабылып бармай-ақ, алғашқы медициналық көмекті өз ауылынан алу мүмкіндігі. Сондықтан да ауыл жұрты әлеуметтік маңызы зор нысанның есігі қашан айқара ашылатынын асыға күтіп отыр. Сұрақтың салмағын терең түсінген өңір басшысы мәселені сол сәтте-ақ жауапты мемлекеттік органдардың алдына қойып, нақты ақпарат алуға басымдық берді.
Бұл шешім ауыл халқы үшін көптен күткен қуанышты жаңалыққа айналды. Бастысы, жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылғанда, ахмерліктер үшін медициналық көмек қол созым жерде болып, ауыл өмірінің сапасы жаңа бір деңгейге көтеріледі.
Артем Жигулин
Махаббат Ахметжанова


