ШҚО әкімі: Лифт, қатты тұрмыстық қалдықтар, су және жылу мәселелері шешімін табады
Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Өскемен тұрғындарымен кездесуден соң азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, тұрғындарды толғандырған өзекті сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өскемендіктер көтерген мәселелер негізінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты болды. Атап айтқанда, көпқабатты үйлердегі істен шыққан жеделсатылардың мәселесі айтылды.
Облыс әкімінің айтуынша, облыс орталығындағы тұрғын үйлерде 100-ден астам ескі лифт жаңасына ауыстырылады. Қазіргі таңда олардың 48-і жаңартылған.
Келесі өзекті мәселе ескірген қоқыс контейнерлеріне қатысты болды. Биыл Өскемен қаласында 15 ескі контейнер жаңасына ауыстырылған. Алдағы уақытта контейнерлерді орнату және күтіп ұстау қоқыс шығаратын компаниялардың балансына беріледі.
Қала тұрғындарын алаңдатқан тағы бір маңызды мәселе – жеке секторды ауызсумен және орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету жайы. Су мәселесі 2-3 жыл ішінде шешілмек. Ал жылу жүйесіне қатысты түйткілдер қосымша қазандықтар орнату арқылы реттелетін болады.
Кездесуге қатысқан зейнеткерлердің бірі мұндай қабылдаулар барысында тұрғындар мен билік арасындағы ашық диалог арқылы көптеген мәселелер оң шешімін табатынын атап, өз замандастарының атынан ризашылығын білдірді.
Дәурен Аллабергенұлы
Фото: Артем Жигулин,
Махаббат Ахметжанова



