Қоқыстар шығарылмай жатыр – Өскемен
Өскемендегі Назарбаев даңғылының бойындағы №71 үйдің маңайы адам көргісіз жағдайда тұр. Қоқыс жәшіктері аузы-мұрнынан шығып,қалдықтар жолға дейін шашылып жатыр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
- Назарбаев даңғылы, 71 үйде тұрамын. Қоқыс жәшіктері толып, далаға шашылып жатыр. Қосымша контейнер орнатса болмай ма, - дейді тұрғын.
Ал өскемендік Артем Телегин болса, бұл үйдің маңына қоқыс жәшігін орнатса да, мәселе шешілмейді деп отыр. Өйткені:
- 20 контейнер орнатса да, бәрі бір дәл осы көріністі көрер едік. Себебі, мәселе қоқыс жәшіктерінде емес. Бізде қоқыстар уақтылы шығарылмайды, - дейді ол.
Ресми ақпаратқа сенсек, қазірде қаладағы қоқыстарды шығаруға 28 техника жұмылдырылған. Ал, қалалық әкімдіктегілер мейрам кезінде бұл қалыпты жағдай деп отыр.
"Өскеменспецкоммунтранс" ЖШС берген дерекке сүйенсек, кәсіпорын абоненттерінің 45%-дан астамы ақша төлеуден жалтарып жүрген көрінеді.
- Өскемен қаласының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы (бұрынғы СЭС) қалалық ТҮКШ бөлімімен бірлесіп арнайы жұмыс тобын құрды. Топтың міндеті - қоқысты дер кезінде шығару, - дейді әкімдіктегілер.