KZ
Өскемен
-21°
плотный туман жел 1 м/с, СШ
501.02 597.27 6.59

«Айтылмаған әсемдік»: үнсіздікпен тілдескен көрме

29.01.2026, 17:00 125

Шығыс Қазақстан Өнер музейінде суретші Василий Бильковтың «Айтылмаған әсемдік» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтті. Көрме бүгінгі бейнелеу өнеріндегі терең философиялық ізденістерді паш етіп, көрермен қауымға ой мен сезімге толы ерекше эстетикалық кеңістік ұсынды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Василий Бильков – кәсіби сәулетші әрі суретші, ұзақ жылдар бойы Өскемен қаласындағы жоғары оқу орындарында және балалар көркемсурет мектебінде ұстаздық қызмет атқарған, бірнеше буын жас суретшілердің қалыптасуына үлес қосқан тұлға. Оның шығармашылығы сәулет пен бейнелеу өнерінің нәзік үндестігін айқын көрсетеді.

Бұл – суретшінің Шығыс Қазақстан Өнер музейінде алтыншы рет ұйымдастырылып отырған жеке көрмесі.

Суретші жапон эстетикасындағы югэн (yūgen) қағидасына сүйенгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл – астарлы мағына, ишара және үнсіздік арқылы ашылатын сұлулық философиясы.

«Мен үшін югэн – көрерменге дайын жауап ұсыну емес, оны ішкі диалогқа шақыру. Бұл жұмыстар бірден ашыла қоймайды, оларды байыппен қарап, іштей тыңдай білген жан ғана сезіне алады», – деді суретші.

Суретшінің сөзінше, көрмеге қойылған винилге басып шығару техникасында орындалған 41 туынды классикалық фотосуреттен алшақ, дербес көркем шығарма ретінде қабылдануы тиіс.

«Бұл жұмыстар – менің заманауи авангардтық өнер саласындағы эксперименттік ізденістерімнің нәтижесі. Мұнда бастысы – нақты бейне емес, көрерменнің ішкі сезімі мен ойлау үдерісі», – дейді автор.

Шығыс Қазақстан Өнер музейі директорының орынбасары Есенбол Нақтыбайұлы бұл экспозицияның музей үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Айтылмаған әсемдік» – 2026 жылы музей қабырғасында ашылған алғашқы көрме және ол жылды мазмұнды, терең ойлы өнер туындыларымен бастауға лайық жоба.

«Василий Витальевич Бильков – жыл сайын дерлік жеке көрме ұйымдастырып, көрерменін жаңа ізденістерімен қуанта білетін еңбекқор суретші. Бұл – үлкен ішкі тәртіп пен үздіксіз шығармашылық еңбектің нәтижесі», – деді ол.

Есенбол Нақтыбайұлы көрменің атауы да оның мазмұнын дәл ашып тұрғанын атап өтті.

«Көрменің «Айтылмаған әсемдік» деп аталуы бекер емес. Біздің күнделікті көзіміз үйреніп қалған, сырттай көрінетін сұлулықтан өзге, адам назарынан тыс қалып жататын, бірақ тереңде жатқан көрінбейтін әсемдік бар. Оны әркім бірдей байқай бермейді. Мұндай сұлулықты суретшілер, философтар, өнер адамдары ғана сезініп, көрерменге жеткізе алады. Бұл көрме – дәл сондай ішкі, жасырын әсемдікке құрылған», – деп түйіндеді Есенбол Нақтыбайұлы.

Әрбір туындыда әдейі қалдырылған бос кеңістік көрерменнің қиялы мен эмоциялық тәжірибесіне орын береді, сол арқылы автор мен көрермен арасындағы бірлескен шығармашылық үдерісті қалыптастырды.

«Жоғалған жұмақ», «Күн сәулесі», «Гүлдің сұлбасы», «Теңіз толқындары» сынды туындылардың атаулары нақты мағына жүктемей, тек ойлау бағытын нұсқап, әр көрерменге өзіндік интерпретация жасауға мүмкіндік берді.

Көрменің ашылу рәсіміне өнертанушылар, мәдениет саласының өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Қатысушылар көрменің тыныш, терең ойға жетелейтін атмосферасын жоғары бағалады.

«Айтылмаған әсемдік» көрмесі 2026 жылғы 2 наурызға дейін жұмыс істеп, көрерменді көрінбейтінді көруге, айтылмағанды тыңдауға және өнермен үнсіз тілдесуге шақырады.



Сыранова Жайна 

Видео: Сакадиев Жалгас 

Фото: Жигулин Артём

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу