31 қаңтарда Қарулы күштердің әскери бөлімдерінде «Ашық есік күні» өтеді
31 қаңтар күні Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің барлық әскери бөлімдерінде мерзімді әскери қызметшілердің ата-аналары мен жақын туыстары үшін «Ашық есік» күні ұйымдастырылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шара барысында ата-аналар ұлдарының әскери қызмет атқарып жатқан жағдайымен көзбе-көз танысып, күнделікті қызмет барысын өз көздерімен көре алады. Бағдарлама аясында қару-жарақ пен әскери техниканың үлгілері көрсетіліп, мерзімді әскери қызметшілердің көрсетілімдік жаттығулары өтеді. Сондай-ақ казармалар, асханалар мен сарбаздардың тұрмыстық жағдайы таныстырылады.
Әскери бөлімдер мен бөлімше командирлері мерзімді әскери қызметке қатысты қойылған барлық сұрақтарға жауап береді. «Ашық есік» күнін өткізудің негізгі мақсаты – армия мен қоғам арасындағы сенімді нығайту, ашықтықты арттыру және мерзімді әскери қызметтің нақты жағдайын көрсету.
Іс-шара қорытындысы бойынша қызметте үздік танылған мерзімді әскери қызметшілер адал еңбегі мен үлгілі әскери тәртібі үшін марапатталып, бір күндік сейілдемеге жіберіледі.
Әрбір әскери бөлім «Ашық есік» күнін өткізу уақытын дербес белгілейді. Ал ата-аналарға тиісті ақпарат әскери бөлім басшылығы арқылы алдын ала хабарланады.
Айта кетейік, Қарулы күштерде ата-аналар мен шақырылуға дейінгі жастар үшін «Ашық есік» күндерін тұрақты өткізу тәжірибеге айналған. Осы мақсатта бөлім командирлері WhatsApp мессенджерінде арнайы чаттар ашып, «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі арқылы ата-аналармен тұрақты байланыс орнатқан. Бұл үшін арнайы планшеттер сатып алынған.
Сонымен қатар әскери бөлімдерде «Аналардың жүрегі» сарбаз аналары комитеті республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдеріне толық қолжетімділік берілген. Олар сарбаздардың қызмет ету жағдайын тұрақты түрде бақылап, Қарулы күштер басшылығы мен ата-аналарды уақтылы хабардар етіп отырады.