Шығыс Қазақстанда сирек металдардың жаңа кен орындары ашылуы мүмкін
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Шығыс Қазақстан өңірінде сирек металдардың жаңа кен орындарын анықтауға айрықша мүмкіндік бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Министрліктің ақпаратынша, геологиялық зерттеу жүргізілетін нысандарды іріктеу кезінде ең алдымен әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие минералдық шикізат түрлері ескеріледі. Осы бағытта жүргізілген талдау нәтижесінде еліміздің бірқатар өңірімен қатар, Шығыс Қазақстан сирек жер металдары бойынша болашағы зор аймақ ретінде белгіленген.
Атап айтқанда, бұрын жүргізілген зерттеулердің қорытындысына сәйкес, Шыңғыс–Тарбағатай сирек жер металлогендік аймағы жаңа кен орындарын ашуға қолайлы аумақтардың қатарында. Бұл өңірдегі гранит пен пегматит жыныстарында сирек металдардың шоғырлану ықтималдығы жоғары деп бағаланып отыр.
Сонымен бірге, геологтар Солтүстік Қазақстандағы Көкшетау және Батыс Қазақстандағы Мұғалжар сирек металл провинцияларын да перспективалы аймақтар қатарына қосады. Ал Арал маңындағы сор алқаптарында, Бетпақдалада және еліміздің оңтүстігіндегі өзге де өңірлерде литий қоры болуы мүмкін екені анықталған.
Министрлік мәліметінше, мемлекеттік геологиялық зерттеу жобалары пайдалы қазбаларға бай перспективалы учаскелерді анықтау және ел аумағын толық геологиялық картаға түсіру мақсатында жүзеге асырылуда. Нақты учаскелер мен олардың саны зерттеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін белгілі болады.
Фото: ҚР Үкіметі