Аграрлық ЖОО-лардың түлектері міндетті түрде ауылда жұмыс істейтін болды
Ауыл жастарына арналған квота бойынша аграрлық жоғары оқу орындарын бітірген түлектер келесі жылдан бастап ауылдық жерлерде 3 жыл жұмыс істеуге міндетті болады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, мамандар даярлауға қатысты ұлттық заңнамаға бірқатар түзету енгізді. Жаңа заң бойынша ауылдық квотамен ауыл шаруашылығы мамандықтарында оқыған ЖОО-ның түлектері ауылдық жерлерде кемінде 3 жыл жұмыс істейді. Осылайша оқу бітірген ауыл жастары мемлекет есебінен аграрлық бейіндегі ұйымдарда кепілді түрде жұмысқа орналаса алады.
Министрлік бұл шара ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің кәсіби кадрларға деген сұранысын арттыруға мүмкіндік береді деп санайды.
– Бұл жаңалық жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселелерін шешеді. Сондай-ақ, ауылдық жерде «ауыл шаруашылығы мамандығы» бойынша мүлде жұмыс істеуді жоспарламаған талапкерлердің «ауылдық квотамен» мемлекеттік грантқа түсуіне жол бермейді, – деді министрлік өкілдері.