ШҚО-да полицияның қырағылығы жолдағы қауіпті оқиғаның алдын алды
Таңғы салқын ауаны қақ жарып, Өскемен – Алматы бағытындағы республикалық маңызы бар күре жол бойында қалыпты тіршілік өз ырғағымен ағып жатты. Көліктер ағылып, әр жүргізуші өз бағытымен алға ұмтылып келеді. Дегенмен, жол үстінде қауіп қашан, қай тұстан туары белгісіз. Мұндай сәтте қырағылық — адам өмірін арашалап қалатын ең басты қасиет, деп хабарлайды Altainews.kz.
Сол күні патрульдік бекетте қызмет атқарып тұрған полицейлер алдарына түскен ауыр жүк көлігінен жай көзге байқала бермейтін, бірақ сәл кешіксе орны толмас зардапқа әкелуі мүмкін жайтты байқап қалады. Тіркеменің артқы дөңгелек тұсынан түтін бұрқырай бастапты. Бір сәтке де кідірместен, қызметкерлер жүргізушіні тоқтатып, жағдайды бірден бақылауға алады. Олар дереу өрт сөндіру шараларына кірісіп, алапат жалынға ұласуы мүмкін оқиғаның алдын алды. Егер дер кезінде байқалмаса, жалын көлікті де, ондағы жүктелген тауарды да шарпып, айналадағы жол қозғалысына үлкен қатер төндіруі әбден мүмкін еді.
Жол азабын жақсы білетін жүк көлігі жүргізушісі полицейлердің жедел әрекетіне риза болып, ризашылығын жасырмады.
Бұл оқиға — жай ғана сөндірілген өрт емес. Бұл — қызметіне шын берілген полицейлердің күнделікті еңбегінің көрінісі, назардан тыс қалғандай көрінген ұсақ белгінің артынан қандай қауіп туатынын терең сезінетін кәсібиліктің айқын дәлелі. Жол қауіпсіздігі — бір сәттік қырағылықтың, жылдам шешімнің, адами жауапкершіліктің нәтижесі.
ШҚО тәртіп сақшылары күн сайын мыңдаған шақырым жолды бақылап, қаншама адамның амандығына кепіл болып жүр. Олардың әр сәт қырағы болуы — жүргізушілердің қауіпсіз сапарының, талай тағдырдың аман қалуының кепілі.