ҚР Президенті БҰҰ-ға үндеу жолдады: Еріктілер жылы жаһандық ынтымақты күшейтуге серпін береді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының орнықты даму мақсаттарына орай Халықаралық еріктілер жылын жариялауға арналған сессиясына арнайы үндеу жолдады. Мемлекет басшысы бұл бастаманың әлем елдері үшін маңызды екенін атап өтіп, еріктілер қозғалысының адамзат игілігі жолындағы рөлін жоғары бағалады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Президент өз сөзінде еріктілік қазіргі күрделі кезеңде адам өмірін сақтауға, қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетуге, қоғамдағы сенім мен бірлікті нығайтуға зор үлес қосып отырғанын айтты. Оның айтуынша, БҰҰ Еріктілер бағдарламасы әлемнің әр түкпіріндегі адамдарды ортақ мақсатқа жұмылдырып, миллиондаған азаматтың белсенділігін арттырып келеді.
Қазақстанда да волонтерлік қызмет қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналғаны атап өтілді. Соның бір дәлелі – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы. Экологиялық мәдениетті ілгерілетуді көздейтін бұл бастама мыңдаған еріктіні біріктіріп, БҰҰ-ның жаһандық тұрақты даму бағыттарымен үндесіп отыр.
Мемлекет басшысы Алматыны БҰҰ қолдауымен халықаралық ынтымақтастық хабына айналдыруға ниетті екенін білдірді. Бұған қосымша Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығының ашылуы мен Алматыда Еріктілер бағдарламасының субөңірлік кеңсесінің іске қосылуы Қазақстанның азаматтық белсенділікті дамытуға бейілдігін көрсететіні атап өтілді.
Тоқаев барша елдің еріктілерін экология, жастарды қолдау, әлеуметтік интеграция салаларында бірлесіп жобалар жасауға шақырып, БҰҰ Еріктілер бағдарламасына ризашылығын жеткізді. Сонымен бірге жастар, әйелдер және шалғай өңір тұрғындарының мүмкіндігін кеңейту бағыты бойынша серіктестікті нығайту қажет екенін атап өтті.
Биыл БҰҰ-ның құрылғанына 80 жыл толғанын еске салған Президент адамзат ортақ күш біріктірсе ғана әділ әрі жасыл болашақ қалыптасатынын айтты. Қазақстан алдағы кезеңде де халықаралық ұйымдармен және мемлекеттермен еріктілер қызметін қолдау бойынша жұмыс жүргізуге дайын.
Фото: Ақорда