KZ
Өскемен
-26°
плотный туман жел 1 м/с, С
515.25 535.91 5.18

ШҚО-да жастардың дамуы үшін барлық жағдай жасалуда

29.11.2019, 05:51 174

Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ-да «Қазақстан жастарын тәрбиелеудегі ғылым және білім» тақырыбымен «Аманжолов оқулары-2019» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Іс-шара Жастар жылына арналған «Ұлтты бастар – рухты жастар» студенттік форумы аясында ұйымдастырылды.

Конференция Сәрсен Аманжолов ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Пленарлық мәжілісте Ресей ғылым академиясы Сібір бөлімшесі Тарих институтының ғылыми қызметкері Наталья Аблажей, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының сектор меңгерушісі Нелли Краснобаева, Кореядағы Пусан университетінің волонтері Ким Ми Хянг құттықтау сөз сөйледі.

– Жастардың дамуы үшін университетте барлық жағдай жасалуда – Польшадағы «Абай» мәдени-білім беру орталығы, Қабанбай батыр атындағы әскери кафедра, Археология және Алтай мәдени мұрасы музейі, «PARASAT» студенттерге қызмет көрсету орталығы, Алексей Трунов атындағы фитнес-орталық, оқу орны тарихында алғаш рет «Жастар» көркем фильмі түсірілген «Altai jastary» медиаорталығы ашылды. Абай атындағы кабинет, Түймебай Әшімбаев атындағы экономика кабинеті, Жүрсінғали Ахмеров атындағы цифрлық гуманитаристика кабинеті, ШҚМУ-дың тұңғыш ректоры Ережеп Мәмбетқазиев атындағы химия кабинеті, роботты техника кабинеті және зертханалар ашылды, информатика және өзге де көптеген кабинеттер жаңартылуда, – деді университет ректоры Мұхтар Төлеген.
Ректордың айтуынша, университет болашақ маманның тұлға ретінде қалыптасуында, оның рухани-адамгершілік дамуында маңызды рөл атқарады.
Университетте түрлі ғылыми-тәжірибелік конференциялар өтіп тұрады. Студенттердің ғылыми қызметін ынталандыру үшін Жұмаш Уәлиев атындағы шәкіртақыны иеленуге арналған байқау, сондай-ақ ғылыми жобалардың «Ғылым граниті», инновациялық идеялардың «Жас талап» байқаулары ұдайы ұйымдастырылады.
Университет жас дарындар қатысатын мәдени іс-шараларды да дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Айталық, жуырда «Бірінші курс дарындары» жыл сайынғы конкурсы аяқталды.
– Бүгінде оқу орнында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға жіті көңіл бөлінуде. Студенттерді адалдыққа үйрету және құқықтық ағарту жұмыстарын үйлестіруші құрылымдар жасақталған. «Sanaly urpaq» фронт-кеңсесі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологиялар зертханасы, оқу ғимараттарындағы «Адалдық дүкені», «Адалдық кітапханасы» алаңдары, тәртіптік-сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңес, студенттердің қоғамдық қабылдауы жұмыс істейді. ШҚМУ сыбайлас жемқорлық мәселесі бойынша түрлі конференциялар, форумдар, дөңгелек үстелдер, біліктілікті арттыру курстарын өткізуге әрдайым мұрындық болуда. Екінші жыл қатарынан жас мемлекеттік қызметші мектебі және жазғы адалдық мектебі өткізіліп келеді, – деді ректор.
ШҚМУ-да адалдық нормаларын дамыту тақырыбында заң ғылымының кандидаты, «Sanaly urpaq» жобалық кеңсесінің жетекшісі Гүлмира Байыркенова баяндама жасады.
Пленарлық мәжілістен соң «Ел дамуының экономикалық-құқықтық аспектілері», «Көпмәдениетті жастардың санасын қалыптастырудың ғылыми-педагогикалық негіздері және әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарының әсері», «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жастарға азаматтық және әскери-патриоттық тәрбие беру», «Жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесі» тақырыптары бойынша секция отырыстары өтті.

Сондай-ақ, жиында Тарих, филология және халықаралық қатынас факультетінің деканы Әлия Өскембай баяндама жасады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу