KZ
Өскемен
-7°
туман жел 3 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Әлемдегі атом өндірісінің көшбасшысы Шығыста

1.11.2019, 09:47 216

Атом өндірісінің көшбасшысы – Үлбі металлургиялық зауыты 70 жылдық мерейтойын атап өтті. Кәсіпорын қызметкерлерін атаулы күнмен облыс әкімі Даниал Ахметов пен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» құттықтады.

Зауыт тарихы 1949 жылғы қазанның 29-ынан кәсіпорынның алғашқы өнімі – торий оксалаты шығарылған күннен бастау алады. Бір кезде КСРО Атом жобасы аясында құрылған ҮМЗ - әлемдегі ядролық индустрияның алғашқы қарлығаштарының бірі болды. Ізінше бериллий, тантал және уран өнімдерін шығаратын өндірістер орындары бірінен соң бірі ашылды. Қазіргі күні Үлбі металлургиялық зауытының – өнімдері әлемнің көптеген елдеріне танымал. Заманауи технологиялардың арқасында жыл сайын мұнда жаңа өнім түрлері өндіріліп, оған деген сұраныс артып келеді. Бүгінде оның өнімдерін Болгария, Қытай, Ұлыбритания, Германия, Польша, Словакия, АҚШ, Чехия, Франция сынды елдер тұтынып отыр.

Кәсіпорын «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының құрамына кіреді. Әлемдік уран қорының 25 пайызына ие болған Қазақстанның зор әлеуетіне сүйене отырып, компания кәсіпорын алдына атом саласын сапалы жаңа деңгейге жеткізу міндетін жүктеп отыр. ҮМЗ ұжымын мерейтоймен құттықтаған Ахметжан Есімов еліміздің ядролық саласы алдында тұрған жауапты міндеттерді шешудегі кәсіпорын рөліне тоқталды.

– ҮМЗ жоғарғы технологиялық уран, тантал және бериллий өнімдерімен халықаралық нарықта Қазақстан атын лайықты танытып келеді. Бұл істің барлығы көп білім мен тәжірибені, терең біліктілікті талап етері анық, мұның бәрі үлбіліктерде бар екені күмәнсіз,-деді А.Есімов.

Атом электрстанцияларына арналған уран отынын өндіретін әлемдегі бірегей және ірі кешендердің бірі, ядролық саладағы жұмыс тәжірибесі де мол «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ - әлемдегі бериллий өндірісі кен концентратын қайта өңдеуден сапалық параметрге бағыттап, дайын өнім түріне дейін шығаратын толық өндірістік циклі бар үш кәсіпорынның бірі. Сондай-ақ ТМД аумағында жеке және әлемде тантал қосылған шикізатты қайта өңдеуден дайын өнім алуға дейін толық өндірістік циклі бар аса ірі кәсіпорындардың қатарына жатады. Зауыт қызметкерлерін құттықтаған Даниал Ахметов кәсіпорынның осы артықшылығын ерекше атап өтті.

- Осы жетістікте әрбір қызметкердің үлесі бар. Біз зауыттың атақты ғалымдарымен, ардагерлерімен мақтанамыз. Олардың орасан зор еңбегі жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды. 70 жылдық тарихында зауытта 28 әулеттің дара жолы қалыптасты. Барша ұжымға және әрбіріңізге толағай табыс, зор денсаулық, мол бақыт, игілік пен молшылық тілеймін!-деді облыс басшысы.

Мерейтойға арналған салтанатты жиында кәсіпорын өндірісіне елеулі үлес қосқан Василий Чеботарев, Валерий Ситников, Күләш Тойғамбаева, Жеңіс Кәрменов, Александр Егель, Тимур Алдажаров сынды бір топ қызметкерлер «Қазатомпром» компаниясы мен облыс басшылығының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу