Арбат енді аудан орталығында ашылады – Шығыс
Көкпектіде де Арбат ашылуы мүмкін, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі. Бұл туралы аудан әкімінің қатысуымен өткен баспасөз жиынында айтылды.
Ауданда 190 спорттық құрылым бар. Оның ішінде 39 спортзал, 1 ипподром, 19 хоккей қорабы, 1 спорттық модуль, 7 футболға арналған жасанды алаң бар. Бұдан бөлек тағы 3 ауылда жасанды футбол алаңдары салынып жатыр екен.
– Ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында Бастаушы ауылында ұлттық ат спорты мектебі ашылған болатын. Олар бүгінде облыс бойынша жарыста бірінші орын алып, жоғары нәтиже көрсетіп отыр, – деген аудан әкімі Асхат Смаилов Шығыстағы спорт кешені жоқ жалғыз аудан орталығы болып саналатын Көкпектіде ол олқылықтың орыны толатынын айтады.
«Ауыл – ел бесігі» жобасының аясында жобалық құны 788 миллион теңгені құрайтын Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталыпты. Биыл оған республикалық бюджеттен 404 миллион теңге қаражат бөлінген.
– Кешен Абылай хан көшесінің бас жағында. Ал соның жанынан бассейннің құрылысын жобалаудамыз. Жалпы 1 шақырымдық бұл көшені тағы 500 метрге ұзартып, болашақта Арбат ашу ойымызда бар. Облыс орталығында басталған бұл жақсы үрдістен үлгі алуымызға болады деп есептеймін. Сонымен, Абылай хан көшесі Дене шынықтыру-сауықтыру кешені, бассейні, мектебі, емханасы бар тамаша көше болып шыға келмек, – деді аудан әкімі Асхат Смаилов.