Көкпектіде Абайдың тағы бір ескерткіші орнатылады
Көкпекті ауданында Абай Құнанбайұлының тағы бір ескерткіші орнатылады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі. Бұл туралы аудан әкімінің қатысуымен өткен баспасөз жиынында айтылды.
– 2018 жыл біз үшін қалпына келтіру жылы болды. Яғни, ауыл-ауылда бұрын мемлекет қаржысына салынған, бүгінде тозыңқырап тұрған спорттық алаңдар, саябақтар қалпына келтірілді. Ал биыл жаңа алаңдар ашуда қолға алдық. Мәселен, Көкпекті мен Самар ауылындағы орталық алаң жөнделіп, Самарда Абай Құнанбайұлының ескерткіші ашылды. Сондай-ақ Көкпектінің көпқабатты үйлер орналасқан ықшамауданына шағын саябақ салынды. Шағын ауылдарға да дәл осындай спортпен айналысуға, тұрғындарға жұмыстан кейін демалуға болатын бақтар салынып жатыр, – деген аудан әкімі Асхат Смаилов абаттандыру жұмысы әлі де жалғасатынын айтты.
Айтуынша, Көкпектіде Абай Құнанбайұлы атындағы көше бойында ескі саябақ бар. Ол келесі жылы жөндеуден өтеді және орталығына Абай Құнанбайұлының ескерткіші орнатылады. Бұл Ұлы ойшылдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында іске асырылмақ.
- Абай атамыздың көшесінің бойында ескерткіші тұруы заңдылық деп есептейміз, - дейді аудан әкімі.