Қазақстанда қымбатшылық басталды – Energyprom сарапшылары

Қазақстанда қыркүйектегі арзан көкөністер таусылып, қымбатшылық басталды. Мәселен қияр мен қырыққабаттың бағасы бірден 15%-ға өсті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Energyprom сарапшыларының мәліметіне сүйенсек, апельсин 4,3%ға, банан 2,8%-ға қымбаттады. Қызанақ бағасы әзірге қалыпты. Ал жармаларға келсек, бидай 3,1%-ға, күріш бағасы 2,2%-ға өсті. Сондай-ақ жұмыртқа бірден 6,1%-ға, балық 2,3%-ға, сиыр еті 2,1%-ға, жылқы еті 2%-ға қымбаттады.
Осы орайда айта кетейік, 2019 жылдың тамызында еліміздегі тауарлар мен қызметтердің бағасы 5,5% -ға өсті. Еуразиялық экономикалық комиссия осылай дейді. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Беларусьтен (5,7%) ғана қалыс қалып отыр. Ресейде тұтыну бағасы бір жыл ішінде 4,3%-ға, Қырғызстанда 2%-ға, Арменияда 0,6%-ға артқан.
Сонымен қатар Қазақстан азық-түлік бағасының өсуі бойынша ЕАЭО-дағы барлық елді басып озды: жылына 9%. Бұл ретте Ресейде – 5%, Беларусьте – 6,2%, Қырғызстанда – 3,7%, Арменияда – 0,2%.