Азия чемпионаты. Құрамында «Алтайдың» ойыншылары бар ел құрамасы келесі кезеңге шықты
Вьетнам астанасы Ханой қаласында өтіп жатқан волейболдан жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы тамаша өнер көрсетуде.
Өз тобында үш кездесу өткізген отандастарымыз оның үшеуінде де жеңіске жетіп, келесі кезеңге бірінші орынмен шықты. Алдымен 3:0 (партиялардағы нәтиже 25:10, 25:8, 25:9) есебімен Макао құрамасын талқандаған қазақстандық волейболшы қыздар одан кейін дәл сондай есеппен (25:11, 25:9, 26:24) Гонконг командасын да қапы қалдырды. Ал топтық кезең аясындағы соңғы кездесуін Шри-Ланка құрамасымен өткізген Азамата Есімов шәкірттері бұл ойынды да 3:0 (25:6, 25:15, 25:10) есебімен өз пайдасына аяқтады.
Енді бұрымдыларымыз Солтүстік Корея және Тайланд құрамаларымен шеберлік байқаспақ.
Айта кетейік, құрлықтық додада ел құрамасы сапында өскемендік «Алтай» волейбол клубының үш ойыншысы өнер көрсетуде. Олар: либеро Мадина Бекетова, шабуылшы Кристина Белова және байланыстырушы Ботагөз Сәрсенбаева. Осы ретте Сәрсенбаева құрама капитаны екенін де атап өткен орынды.