KZ
Өскемен
-8°
туман жел 3 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Азия чемпионаты: Қазақстан құрамасы алтыншы орынды місе тұтты

22.07.2019, 04:32 218

Вьетнам астанасы Ханойда мәресіне жеткен волейболдан жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы алтыншы орыннан көрінді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Алдымен доданың ширек финалында жарыс иелері, Вьетнам волейболшыларымен шеберлік байқасып, 1:3 (партиялардағы нәтиже 17:25, 26:24, 24:26, 22:25) есебімен жеңіліс тапқан отандастарымыз, артынша бес кезеңге созылған тартысты матчта Қытайлық Тайбэй командасына да жол берді. Бұл кездесу 2:3 (20:25, 25:21, 25:23, 25:27, 11:15) есебімен Тайвань аралынан келген волейболшылардың пайдасына аяқталды. Айта кетейік, аталмыш ойында жарыстың бесінші орыны сарапқа салынған болатын. Ал жеңілген командаға алтыншы орын бұйыратын-ды. Дода қорытындысы бойынша дәл сол алтыншы орынға біздің команда тұрақтады.

Еске салайық, бұған дейін екі топтық кезең ойындарына қатысқан қазақстандық арулар оның алғашқысынан іркілмей өтсе, келесі айналымда өз квартетінде бар болғаны үшінші орыннан көрінген-ді. Сол жолы Азамат Есімов шәкірттері алдына Тайланд пен Солтүстік Корея командаларын жіберіп қойған болатын. Осы ретте Солтүстік Корея құрамасы жарыстың финалына дейін жетіп, онда чемпионаттың басты фавориті Қытай құрамасынан 0:3 есебімен ұтылып қалғанын айта кеткен орынды. Ал ширек финалда Қазақстан құрамасын тоқтатқан вьетнамдықтар бұл жолы үшінші орыннан көрінді. Жарыс иелері үшінші орын үшін кездесуде Тай елінің аруларынан басым түсті, есеп 3:1.

Тағы бір айта кетер жайт, биылғы Азия біріншілігінде ел құрамасы сапында өскемендік «Алтай» волейбол клубының үш ойыншысы – либеро Мадина Бекет, шабуылшы Кристина Белова мен байланыстырушы Ботагөз Сәрсенбаева өнер көрсетті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу