"Әкімдік, полиция, медпункт, кітапхана, мәдениет үйі - бәрі бір ғимаратта" – Солдатова ауылы
Катонқарағай ауданы Солдатова ауылының Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Ғимарат орталықтандырылған су және электр жүйелерімен қамтамасыз етілді. Жөндеу жұмысына облыс бюджетінен 80 миллионнан астам қаражат бөлінді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Айта кету керек, бұл ғимаратқа енді өнерпаздармен қатар ауылдық округ әкімшілігінің аппараты, жергілікті учаскелік полиция, пошта қызметі, медпункт және ауылдық кітапхана орналастырылады.
«Елордамыз Нұр-Нұрсұлтан қаласының туған күні мерекесінде солдатовалық ағайын үшін қуанышты жаңалық орнады. Бүгін осы елдімекендегі ауылдық Мәдениет үйінің ғимараты қайтадан күрделі жөндеуден өтіп, бас аяғы жарты жылдың ішінде аяқталып, тұрғындар игілігіне берілді. Облыс басшысы Даниал Ахметовтың қолдауының арқасында аталмыш нысанға көлемді қаржы бөлініп, көп ұзамай өскемендік "Али стар" мердігерлік ұйымы жөндеу жұмыстарына кірісіп кетті. Бұрынғы ауылдық клуб ғимаратын толықтай қалпына келтіріп, көңілдегідей етіп пайдалануға беру үшін облыстық бюджет есебінен 80 млн. астам теңге жұмсалды», – деп сүйіншіледі бұл жаңалықты аудандық «Арай» газетінің редакторы Тимур Смағұлов әлеуметтік желідегі ағайынға.
Ауылдық Мәдениет үйінің ашылу салтанатына аудан әкімі Ренат Құрмамбаев пен ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары, аудан орталығы мен ауылдық округтерден келген өнерпаздар қатысып, ізгі тілектерін білдірді.