KZ
Өскемен
-23°
плотный туман Штиль
501.02 597.27 6.59

Жасанды интеллект Қазақстанның тарихи геологиялық деректерін «тірілтуде»

27.01.2026, 18:00 120 Базарова Айгүл

Қазақстанда геологиялық ақпаратты цифрландыру және оны жасанды интеллект технологиялары арқылы тиімді пайдалануға бағытталған ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Басты мақсат – 1950–1990 жылдары Қазақстан аумағындағы барлық геологиялық қорларда жинақталған 5 миллион бірлік тарихи ақпаратты машина оқи алатын форматқа көшіру. Аталған кезеңде қалыптасқан деректер елдің пайдалы қазбалар қоры, геологиялық құрылымы мен барлау нәтижелері туралы бірегей ақпаратты қамтиды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Бұл деректерді жасанды интеллект технологиялары арқылы өңдеу геологиялық ақпаратқа орталықтандырылған қолжетімділікті қамтамасыз етіп қана қоймай, жер қойнауын пайдалану саласында ғылыми негізделген және инвестициялық тұрғыдан тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда бастапқы геологиялық ақпараттың 97,5 пайызы цифрландырылған. Бұл шамамен 4,7 миллион деректер объектісін қамтиды. Оның ішінде 4 289 571 қағаз құжат парағы, 250 мың графикалық қосымшалар, 96 020 магниттік таспа, 62 245 картридж бар.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жоба ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылардың қаражаты есебінен қаржыланатынын жеткізді. ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексіне сәйкес, пайдалы қазбаларды өндіруге жұмсалатын шығындардың 1 пайызы ғылым мен технологияны дамытуға бағытталады.

Жобаны іске асыру нәтижесінде мәтіндік, кестелік және графикалық деректер машина оқи алатын форматқа көшіріледі. Сондай-ақ, толық функционалды геоақпараттық жүйе негізінде құрылымдалған деректер базасы қалыптасады. Кеңістіктік деректерді сүзгілеу және талдау мүмкіндігі кеңейіп, мамандар жасанды интеллект пен data science құралдарын қолдануға оқытылады. Интерактивті карта, аналитикалық құралдар және интеллектуалды чат-бот енгізіледі.

Қазақстандағы барлық геологиялық ақпаратты толық цифрландыру және жүйелеу процесін 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұл жоба еліміздің жер қойнауын пайдалану саласын жаңа технологиялық деңгейге көтеріп, инвестициялық тартымдылығын арттыруға жол ашады.




Фото: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу