KZ
Өскемен
+4°
туман жел 1 м/с, С
478.93 534.96 5.16

Бүгін - Ораза айт мерекесі

5.06.2019, 03:31 182

Бүгін жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі - Ораза айт мейрамы. Бұл күні Алланың разылығы үшін бір ай бойы ауыз бекітіп, мұсылмандықтың бес парызының бірі саналатын Оразаның шарттарын орындаған жандар ауыздарын ашады. Мұсылмандар Оразамен қоштасып, Алла Тағалаға қасиетті Рамазан айына амандықта-саулықта жеткізгеніне шексіз алғыс айтып, келесі  Рамазан айына да есендікте жетулерін тілеп, мінәжат етеді.

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, Нұр-Сұлтан және  Шымкент қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында Ораза айт намазы оқылатын уақыт сағат 07:00-ге белгіленген.  Ал Алматы мен Қызылорда қаласында сағат 06:00-де, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Алматы  қаласы, Қарағанды облыстарында сағат 06:30, Қостанай облысында сағат 07:30-да оқылады.

 Айттың мән-мағынасына келсек, Айт - қуаныш пен шаттыққа толы күн деген немесе мереке», «мейрам» деген ұғымды білдіреді екен. Аллаһ Тағала айт сайын адам баласына әр түрлі жақсылықтар береді. Айт мейрамы алдымен айт намазын оқумен басталады. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз өсиетінде: «Айт күні бірінші орындайтынымыз - намаз оқу», - деген. Бұл намаз Исламның ұраны болғандықтан, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өмірінде оны бір рет те қалдырмай оқыған. Айтта мұсылмандардың бір-бірімен татулықтарын арттыруы - мерекенің негізгі сәні. Осы мақсатта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір-біріңе сыйлық беріп, татуласыңдар... Бір-біріңе берген сыйлықтарың - араларыңдағы өшпенділікті жояды», - деп өсиет еткен.

Ораза айт мерекесі шәууәл айының бірінші күні басталып, үш күнге созылады. Ол күні ертерек тұрып, ғұсыл алып, мешітке - айт намазына хош иісті болып бару - Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйсіне жасайтын амалынан еді. Сондықтан да, бұл амал мұстахаб саналады. Осы айтқа байланысты тағы бір сүннет амалы жайында хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт күні мешітке барған жолымен қайтпай, басқа жолмен қайтатын еді», - делінген. Бұл да әрбір мұсылман үшін сүннет.

 Ораза айт күндері әрбір мұсылманның шаңырағында шелпек, бауырсақ пісіріліп, әр үйде әдеттегіден сәні де, салтанаты да  ерекше мерекелік дастарқан жайылып, қонақтар шақырылады. Сонымен қатар, жағдайы төмен адамдарға жәрдем көрсетіліп, олар да мейрамнан тыс қалдырылмайды. Бұл күндері туған-туыстар бір жерге жиналып немесе зират басына барып өмірден озған жақындарының әруағына бағыштап құран оқиды. Қасиетті Рамазан айынан кейін келетін осы ұлық мерекені әлемдегі жалпы бүкіл мұсылмандар айрықша қуанышпен, зор ықыласпен атап өтеді. Арада қаншама ғасыр өтсе де, бұл ұлық мейрамның мән-маңызы кемімей, керісінше жыл өткен сайын артып келеді. Бұл мейрамның әдеттегілерден негізгі ерекшеліктері -  адамдарды бауырмалдылыққа, кішіпейілділікке, кешірімділікке, сүйіспеншілікке шақырады. Мұсылмандар құдіреті күшті Алла Тағаланың адам баласына берген нығметтеріне тәубе айтып, шүкіршілік жасауға үндейді.  

 Қасиетті Рамазан айынан кейін келген ұлық мереке - Ораза Айт баршамыз үшін құтты болсын! Туған Отанымыз - Қазақстанымыз бейбітшілік пен татулықтың құшағында өсіп-өркендеп, ана тіліміздің мәртебесі арта берсін, ислам діні қанатын кеңге жая берсін! Қазақстандағы әрбір шаңырақтың құт-берекесі молая түссін!

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив