KZ
Өскемен
+1°
переменная облачность жел 3 м/с, В
502.57 591.68 6.42

Шығыс Қазақстанның ардагерлеріне құрмет көрсетілді

19.12.2025, 19:00 157

Облыстық әкімдікте «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Шығыс Қазақстан облыстық филиалының кезекті пленумы өтіп, онда Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын іске асырудағы облыстық ардагерлер ұйымдарының рөлі мен мен маңызы кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында патриотизм – қоғамға пайда тигізу, жаңалықтар ашу және жаңа бастамаларға ұмтылудан көрініс табатынын атап өтті. Осы құндылықтарды жас ұрпаққа дарытып, озық ойлы азаматтарды тәрбиелеу ісінде өңірдегі аға буынның атқарған еңбектері айрықша маңызға ие. Еліміздің тұрақты дамуы жолында қол жеткізілген жетістіктер мен толағай табыстардың негізінде аға буынның бірлік пен ынтымақты ту еткен ерен еңбегі жатыр. Бұл – саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған ардагерлердің өлшеусіз үлесінің айқын дәлелі, - деп атап өтті пленум жұмысын бастаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев.

Қазіргі таңда облыста 134 мыңнан астам зейнеткер бар. Күн санап қатары сиреген әр ардагерге әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған жұмыстарда аз емес. Жыл сайын соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, ұрыс қимылдарына қатысушыларға және Чернобыль АЭС-індегі апаттың салдарын жоюға қатысқан азаматтарға мерекелік әрі атаулы күндерге орай облыстық бюджеттен материалдық көмек көрсетіледі. Ағымдағы жылы 5 мыңнан астам ардагерге 604 млн теңге бөлінген.

Шығыс Қазақстанда Ұлы Отан соғысына теңестірілген 4 мыңнан астам ардагер тұрады, олардың ішінде қазіргі уақытта Ұлы Отан соғысының 8 қатысушысы бар.

Аймақтағы ақылдың кені саналар ардагерлер бас қосқан алқалы жиында сөз алған облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов еліміздің қарқынды дамуы жолындағы қол жеткізген толағай табыстар мен айтулы жетістіктер, ең бірінші кезекте, ардагерлер негізін қалаған, бірлік пен ынтымақтың арқасы, ерен еңбектің жемісі екенін атап өтті. Осы құндылықтарды жас ұрпақтың бойына дарытып, тәуелсіз елдің озық ойлы азаматтарын тәрбиелеу ісінде аға буынның рөлі айрықша маңызға ие екені де сөзсіз.

– Жастар әрдайым сіздерге қарап бой түзейді, адамгершілік, еңбексүйгіштік қасиеттерді қалыптастырып, жоғары патриоттық рухты сіңіре өседі. Өмірлік жолдарыңыз бен азаматтық ұстанымдарыңыз – жас буын үшін өшпес өнеге. Ұлы Абайдың «Келелі кеңес жоғалды, ел сыбырды қолға алды» дегені бекер айтылмаған. Бүгінгі жиынның мәні де осы – тәрбиенің маңыздылығын атап көрсетуде. «Сыбырдан басқа сыры жоқ, шаруаға қыры жоқ» деген өсиетін негізге ала отырып, жас ұрпақты құр сөзге емес, нақты іске, адал еңбекке және пайдалы бастамаларға ұмтылуға бағыттау – баршамызға ортақ міндет. Өкінішке қарай, қазіргі таңда балалар атаның емес – айфонның, әженің емес – әлеуметтік желінің тәрбиесін алып отырғанын жасыра алмаймыз. Осындай кезеңде аға буын өкілдерінің өмірлік тәжірибесі, парасаты мен өнегесі айрықша қажет, – деді Нұрымбет Аманұлы. 

Бүгінде Шығыс Қазақстанда 140 мыңнан астам зейнеткер тұрады. 121 мыңнан астам адамды біріктіретін 13 ардагер ұйымы қоғам өміріне белсене араласып, ауқымды жұмыстар атқарып келеді.

– Біз – қариясын қазына деп қадірлейтін, ақсақалын ақылдың кені деп бағалайтын халықпыз. Облысымыздың қол жеткізген жетістіктері – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жүйелі реформалардың нәтижесі әрі шығысқазақстандықтардың күнделікті қажырлы еңбегінің айқын көрінісі. Бізге, Абай айтқандай, артық мақтанға салыну, өзгені қор, өзімізді зор санау, дау қуу әсте жараспайды. Керісінше, әр қадамымызды байыппен жасап, ортақ жауапкершілікті терең сезінуіміз қажет! Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен белсенді қолдауларыңыздың арқасында Президент ұсынған «Адал азамат», «Адал еңбек», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидаттары өңірімізде нақты іске асырылуда. Өйткені ынтымақпен жасалған әрбір қадам – ортақ табыс пен тұрақты дамудың негізі. Сондықтан сіздерге қамқорлық жасау, әлеуметтік қолдау көрсету, сондай-ақ қоғамдағы белсенді өмірлік ұстанымдарыңызды нығайтуға бағытталған жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра беретін боламыз, – деді облыс басшысы Нұрымбет Сақтағанов.

Аға буынның ақылы мен даналығын ешқандай жасанды интеллект алмастырмайды

Басқосуда күн тәртібіне шығарылған «Жасанды интеллект» тақыбына қатысты сөз алған Шығыс Қазақстан облысының Цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Қайрат Бимағамбетов аға буынның ақылы мен даналығын, өмірлік мол тәжірибелерін ешқандай жасанды зерде алмастыра алмайтығын нақты мысалдармен келтірді. 

– Қадірлі ардагерлер! Сіздер – елдің дамуына еңбек сіңірген, сондай-ақ бізге өмірлік тәжірибе қалдырған ардақты буынсыздар. «Жасанды интеллект» деген сөз күрделі естілуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде, оның мағынасы өте қарапайым. Жасанды интеллект – бұл адамды алмастыратын робот емес. Бұл – компьютерге орнатылған ақылды бағдарлама. Ол көп ақпаратты тез қарап, адамға дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Бұрын есепті қолмен шығаратын, кейін калькулятор шықты, ал бүгінде компьютер ақылды көмекшімізге айналды. Бүгінде, әлемнің көптеген елдері жасанды интеллектіні адамдардың өмірін жеңілдету, қауіпсіздігін арттыру үшін қолданып жатыр. Медицина саласын алсақ, жасанды интеллект дәрігерлердің жұмысын жеңілдетеді. Мысалы, МРТ мен рентген суреттерін қарап, қауіпті белгілерді алдын ала көрсетеді. Әрине, диагнозды дәрігер қояды, бірақ жасанды интеллект дәрігерге уақыт үнемдеуге және қателікті азайтуға көмектеседі. Алайда, бұлардың бәрі Сіздердің еселі еңбектеріңізді жоққа шығармайды әрі алмастыра да алмайды, - деді Қайрат Болатұлы. 

Басқарма басшысы айтқандай, қауіпсіздік саласында камералар тек видео түсіріп қана қоймай, адамның көшеде құлап қалғанын немесе түтін шыққанын байқап, тиісті қызметтерге белгі береді. Бұл – адам өмірін сақтауға көмектеседі.

Құрмет пен қолдау ешқашан бәсеңдемейді

Облыста ардагерлерге лайықты қамқорлық пен әлеуметтік қолдау көрсету ешқашан бәсеңдеген емес. Лайықты қарттыққа жағдай жасау — мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі міндеттерінің бірі. Шығыс Қазақстанда зейнет жасындағы азаматтарды қолдау мәселелеріне тұрақты әрі жан-жақты көңіл бөлінеді. Өңірдің барлық қалалары мен аудандарында қарт адамдардың денсаулығын нығайтуға, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға және қажетті қамқорлықпен қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Қариялардың өмір сапасын жақсартуда белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының жұмысы туралы облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Әсел Түлепова баяндады.

Оның айтуынша, аға буын өкілдерін қоғамдық және қоғамдық-саяси өмірге тарту мақсатында кешенді облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, табысты жүзеге асырылуда.

– Қарт адамдардың денсаулығын нығайтуға ерекше мән беріледі. Жыл сайын зейнет жасындағы 5 мыңнан астам азамат «Уба» шипажайында санаторий-курорттық ем алады. Ағымдағы жылы бұл қызметті 4 431 адам пайдаланды. Аталған мақсаттарға облыстық бюджеттен жыл сайын 940,3 млн теңге бөлінеді. Әлеуметтік қызмет көрсету саласында да ауқымды жұмыс атқарылуда. Аумақтық орталықтар арқылы үй жағдайында шамамен 4 мың жалғызбасты қарт азаматқа қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдар арқылы тағы 383-тен астам адам қамтылған. Оларға күн сайын 714 әлеуметтік қызметкер қамқорлық көрсетеді, - деді Әсел Қасынқанқызы.

Бұдан бөлек, аға буын өкілдеріне дене шынықтыру, мәдениет және спорт нысандарына еркін қолжетімділік қамтамасыз етілген. Зейнеткерлер бассейндерге барып, үстел теннисімен, жеңіл атлетикамен және басқа да белсенділік түрлерімен тұрақты айналысады. Белсенді ұзақ өмір сүру тұжырымдамасы аясында қолжетімді нысандар саны артып келеді. Қазіргі таңда шамамен 4 мың зейнеткер 175 алаңда орналасқан 292 секцияда шұғылданады.

Ағымдағы жылдың наурыз айында облыс орталығында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылған. Бұл – аға буын үшін толыққанды, мазмұнды әрі салауатты өмірге жасалған маңызды қадам.

– Орталықта 19 түрлі қызмет көрсетіледі. Атап айтқанда, йога, емдік дене шынықтырудың екі бағыты, тренажер залы, скандинавиялық жүріс, тоғызқұмалақ, бильярд, дойбы, шахмат, үстел теннисі, вокал, би, музыкалық аспаптарда ойнау, арт-терапия, киіз басу, тігін ісі, сондай-ақ компьютерлік сауаттылық курстары бар. Орталықтың ерекше мақтанышы — «Шығыс таңы» би тобы. Аталған ұжым 2025 жылғы 20 қыркүйекте Алматы қаласында өткен «Golden Grace» атты алғашқы халықаралық би фестиваліне қатысып, Шығыс Қазақстанды лайықты деңгейде танытты. Жоғары шеберлік пен шығармашылық әлеует көрсеткені үшін ұжым дипломдармен, медальдармен және алғыс хаттармен марапатталды. 1 қазан - Қарттар күніне орай Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы «Өмір жолы – өнеге» атты ауқымды мәдени іс-шара ұйымдастырды. Көрме бағдарламасы мен гала-концертті қамтыған бұл шара облыстық филармонияда өтіп, жұртшылық тарапынан кең қолдау тапты. Аталған іс-шара өңірдің қоғамдық-мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналды, – деді басқарма басшысы Әсел Түлепова.

Бұл жобаның жүзеге асырылуы аға буынды қолдауға және құрметтеуге бағытталған бастамалардың жоғары әлеуметтік маңызын көрсетті. Жиналған оң тәжірибені бекітіп, алдағы уақытта жыл сайынғы дәстүрлі форматта жалғастыру жоспарланып отыр. Бүгінде Катонқарағай ауданында Достық үйі базасында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының филиалын ашу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл шалғай ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік және сауықтыру қызметтеріне қолжетімділікті кеңейтіп, қарт азаматтардың әлеуметтік белсенділігі мен өмір сапасын арттыруға, сондай-ақ әлеуметтік оқшаулану деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, облыстың барлық қалалары мен аудандарында осындай орталықтар желісін кеңейту, олардың жұмыс істеу жағдайын жақсарту және қызмет бағыттарын дамыту жоспарлануда. Аталған бағыттағы жұмыс тұрақты бақылауда және кезең-кезеңімен жалғасын таппақ.

Ардагерлер марапатталды

Пленум барысында өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген ардагерлердің бастамалары, әлеуметтік-мәдени бағыттағы жұмыстар мен ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға қосқан үлесі жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, іске асқан жобаларға баға беріліп, келер жылға арналған міндеттер нақтыланды.

Жиынның қорытындысында өңір дамуына, мәдениеті мен руханиятына, жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеуде еселі үлес қосып жүрген бірқатар ардагер облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың Алғысымен және «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің Құрмет белгісімен, Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды.

Олардың қатарында Өскемен титан-магний комбинаты ардагерлер ұйымының төрағасы Жамантай Қажмұратов, облыстық ардагерлер кеңесі мүшесі Серік Тыныбаев, Өскемен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Олег Фролов, Үлкен Нарын аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Ержан Қалиахметов, Күршім аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Бақытзан Өлмесеков, Ұлан ауданы, Қасым Қайсенов кенті бастауыш ардагерлер ұйымы төрағасы Амангелді Уәлиев, Алтай ауданы, Никольск ауылындағы бастауыш ұйым жетекшісі Любовь Вайцель, Риддер қалалық «Память» ардагерлер хоры жетекшісі Галина Чапаниди бар. 
Сондай-ақ, еңбек ардагері, облыстық тексеру комиссиясы төрағасы Айтмұханбет Құрманғалиев және Глубокое ауданы, Белоусовка кенті бастауыш ұйымының төрағасы Любовь Дружинина Шығыс Қазақстан облысының «Құрметті ардагері» белгісімен марапатталды.  



 

Дәурен Аллабергенұлы
Фото: Артем Жигулин
Видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу