KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 3 м/с, В
517.66 606.49 6.44

Аз ғұмырда айрықша із қалдырған…

Бүгін, 18:00 41 Базарова Айгүл

А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында нәзік лиризмге, терең ой мен сыршыл сезімге толы жырларымен оқырман жүрегінен орын алған ақын Нұрлан Мәукенұлының шығармашылығына арналған поэзия сағаты өтті. Тағылымды кештің басты мақсаты — ақынның бай поэтикалық мұрасын жас ұрпаққа кеңінен таныстырып, олардың рухани әлемін байыту, көркем сөзге деген сүйіспеншілігін арттыру, деп хабарлайды Altainews.kz.

Қазақ поэзиясының көркем көкжиегінен жарқ етіп көрініп, аз ғана ғұмырында өшпес із қалдырған талант иесі Нұрлан Мәукенұлы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында дүниеге келіп, туған өлкенің табиғатынан, елінің рухани болмысынан қуат алды. Сол рухани нәр оның өлеңдерінен айқын сезіледі.

Ақын білім мен ізденіс жолында да биік белестерді бағындырды. 1984 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін, 1990 жылы КИМЭП-тің саясаттану бөлімін тәмамдаған ол ойлау кеңістігі терең, азаматтық көзқарасы айқын қаламгер ретінде қалыптасты. Еңбек жолын қарапайым құрылысшы болып бастаған Нұрлан Мәукенұлы кейін республикалық «Ана тілі» – «Жалын» бірлескен басылымында бас редактордың орынбасары қызметін атқарып, журналистік шеберлігін шыңдады. Бұл кезеңдер оның қоғамдық ойы мен шығармашылық болмысының кемелденуіне зор ықпал етті.

Нұрлан Мәукенұлының поэзиясы — нәзік лиризм мен азаматтық пафостың үйлесімі. Алғашқы жырлары «Аудитория», «Қарлығаш» топтамаларында жарық көріп, оқырман ықыласына бөленді. 1995 жылы шыққан «Бойтұмар» жыр жинағы ақынның поэзиядағы өзіндік қолтаңбасын айқындаса, 2008 жылы жарық көрген «Сұңқарбұлақ» кітабы оның рухани мұрасын толықтыра түсті. Ақынның кестелі тілі, бейнелі ойы, терең образдары әр өлеңінен өмірді шын сүйген жүректің лүпілін сездіреді.

Қысқа ғұмырында мол рухани мұра қалдырған ақын қазақ поэзиясында өзіндік үн, айрықша өрнек қалыптастырды. Ол бірнеше республикалық және халықаралық мүшәйралардың, Түрік дүниесі поэзиясы фестивалінің жүлдегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. Ақын рухына арналған «Зерде» қайырымдылық қоры мен «Жұлдыз» журналы ұйымдастырған арнайы жыр мүшәйрасы да оның шығармашылығына деген зор құрметтің белгісі.

Поэзия сағатына қала жастары, колледж студенттері және №49 мектептің 9-сынып оқушылары қатысып, ақын өлеңдерін тебірене оқыды. Әр жырдан кейін пікір алмасулар ұйымдастырылып, қатысушылар ақын поэзиясындағы мұң, үміт, адамгершілік пен өмір философиясы жөнінде ой бөлісті.

– «Шабыт импровизациясы» атты шығармашылық ойын кеш мазмұнын байытып, жастардың белсенділігін арттырды. Сондай-ақ, ақын өмірі мен шығармашылығына арналған бейнематериал көрсетіліп, кітаптарына библиографиялық шолу жасалды. Әкеге арналған әсем ән мен төкпе күй кештің әсерін тереңдете түсті, - дейді кітапхана қызметкері Ұлпан Қанатқызы.

Кеш барысында ақынның жары арнайы бейнежолдау арқылы сөз сөйлеп, жүрекжарды лебізін білдірді.

«Нұрлан поэзияны өмірінің мәні деп білді. Әр өлеңін жүрегінен өткізіп, шындыққа адал болды. Бүгінгі кеш — оның жырларының әлі де өмір сүріп, оқырманын тауып жатқанын көрсетеді. Бұл — біз үшін үлкен жұбаныш әрі зор құрмет», — деді ол.

Поэзия сағаты қатысушыларды ақынның сыршыл әлемімен жақын таныстырып, оның жырларындағы терең адамгершілік пен рухани құндылықтарды қайта сезінуге мүмкіндік берді. Осындай тағылымды кездесулер арқылы қазақ поэзиясының асыл қазынасы жаңа буынның жүрегіне жол табары сөзсіз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу