Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Жапонияға жасаған сапары жөнінде қойылған сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Ulys Media telegram-арнасына сілтеме жасап.
Журналистер сұрағына жауап берген министр жабық қабылдауларда тек тосын, қалыптан тыс жағдай болған кезде ғана таңдануға болатынын атап өтті.
— Уақыт өте келе көп жайттың мәні ашылады. Мәселен, кеше Президент пен Жапония Премьер-министрінің құжатқа қол қою сәтін бақылағанымызда қызықты жағдай болды. Мемлекет басшысы иероглифтерді пайдаланды, оны өзі жетік меңгерген. Бұл жайт Премьер-министрді таңғалдырды. Бұл — Президентіміздің эрудиция деңгейін айқын көрсететін көрініс, — деді Ермек Көшербаев.
Сондай-ақ, ол әр елдің өзіндік ерекшелігі бар екенін, ал Жапония жағдайында оның конституциялық монархия екені, көптеген шарттар мен дәстүрлер сақталатыны ескерілуі тиіс екенін айтты.
— Императордың тұлғасы хаттамаға тікелей әсер етеді, ұлттық дәстүрлер мен салт-сананы ескеру маңызды. Сонымен қатар, заманауи форматтар да қолданылады, соның нәтижесінде дәстүр мен қазіргі заманның өзіндік үйлесімі қалыптасқан. Өзге елге барғанда оның тарихы, мәдениеті, халқы мен тілі туралы базалық білімге ие болу аса маңызды. Бұл елдің рухын терең түсініп, тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді, — деді министр.
Ермек Көшербаев Жапония Премьер-министрімен өткен кездесу туралы әсерімен де бөлісті.
— Оны кейде «Темір ханым» деп атайды, алайда ол эмоциясын ашық білдіретін, шынайы әрі жаңа дүниелерге таңдана білетін тұлға екен. Әрине, саяси және экономикалық қырлар ескеріледі, бірақ жалпы алғанда оның өзін ұстауы ерекше әсер қалдырды, — деді ол
Фото: Ақорда