KZ
Өскемен
-27°
плотный туман Штиль
506.7 593.14 6.53

Жаңа жыл ертегісі: Риддерде «Аяз Ата мен Ақшақар» фестивалі бастау алды

19.12.2025, 21:00 260 Базарова Айгүл

Риддер қаласында «Аяз Ата – Ақшақар 2025» республикалық фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға Шығыс Қазақстан облысының барлық аудандарынан, сондай-ақ Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан келген 130-дан астам қатысушы жиналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Дәл сағат 14:00-де Республика алаңында жаңа жылдық мерекелік бағдарлама басталды. Аяз Ата мен Ақшақар қала тұрғындары мен қонақтарын шаттыққа бөлеп, жылы лебіздерін білдірсе, аниматорлар балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекенің шырайын аша түсті.

— Бүгін Риддерде дәстүрлі фестивалін бастадық. Биыл оған 130-дан астам адам қатысты. Орталық алаңда қаланың көрікті жерлерін қамтитын шаңғы жарысы ұйымдастырылып, қала тұрғындарымен қатар Аяз Ата мен Ақшақар да бақ сынауда. Мерекелік шеруден моң риддерліктермен бірге қаланың басты шыршасын жағамыз, — деді ШҚО филармониясы директорының орынбасары Нұрлан Серікбаев.

Мерекелік шара басты кейіпкерлердің әсерлі қойылымдарымен жалғасты. Әр аудан мен өңір сахнада өзіндік театрландырылған көрініс ұсынып, қатысушылардың шығармашылық ізденісі мен мерекелік образдарының ерекшелігі көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

— Біз Жетісу облысынан келдік. Бұл фестивальге алғаш рет қатысып отырмын. Жыл сайын ұйымдастырылатыны қуантады, ал биыл екінші рет өтіп жатқаны — үлкен жетістік. Мұндай шаралар туризмнің дамуына серпін береді деп ойлаймын. Осындай фестивальдер еліміздің өзге өңірлерінде де көбейсе екен. Шығыс Қазақстанның табиғаты ерекше әсер қалдырды, жол бойы тамсанып келдік. Баршаңызды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын! — деді Жетісу облысының Аяз Атасы Абай Нұғыманов.

Фестиваль аясында алаңда ұлттық нақышта безендірілген үш киіз үй тігіліп, қала тұрғындары мен қонақтарына бауырсақ пен ыстық шай ұсынылды.

Мереке Аяз Ата мен Ақшақардың салтанатты шеруімен жалғасын тапты. Олар алаңды айнала жүріп өткеннен кейін қаланың басты шыршасы жағылды. Риддер қаласының әкімі Думан Рахметқалиев жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

— «Аяз Ата – Ақшақар 2025» халықаралық фестивалі бүгінде Риддердің жүрегінде айрықша орын алатын дәстүрлі шараға айналды. Ол адамдарды біріктіріп, ғажайыпқа сенім ұялатады, қалаға қысқы сән мен мерекелік рух сыйлайды. Басты шыршаның жағылуы — желтоқсан мен қаңтар айларындағы мерекелік шаралардың бастауына айналды, — деді қала әкімі.

Қала тұрғындарының айтуынша, алаңды баланың күлкісі, жарқын жүздер, ертегі кейіпкерлері мен шынайы жаңа жылдық ғажайып сезімі кернеп, мерекенің ерекше атмосферасы қалыптасты.

Шырша жағылғаннан кейін фестиваль мерекелік дискотекамен жалғасты.

Айта кетейік, мерекелік іс-шаралар мұнымен шектелмейді. 20 желтоқсанда фестиваль «Алтай Альпісі» туристік кешенінде жалғасады. Онда қатысушылар мен қонақтарды қысқы ойын-сауықтар, тау шаңғысымен сырғанау, сондай-ақ отбасылық демалысқа арналған алаңдар күтеді.

Сол күні Өскемен қаласында сол жағалаудағы этнопарк кешенінде Аяз Атаның резиденциясы салтанатты түрде ашылады. Мұнда балалар мен ересектерге арналған мерекелік кездесулер, интерактивті бағдарламалар мен фотосессиялар ұйымдастырылады. Күннің екінші жартысында қала көшелерімен Аяз Ата мен Ақшақардың сәнді шеруі өтіп, ол орталық алаңда басты шыршаны жағу рәсімі мен мерекелік флешмобпен түйінделеді.

Фестивальдің қорытынды нүктесі ретінде облыстық драма және оперетта театрында «Көзімді жұмсам да көрем сені» музыкалық қойылымы көрермен назарына ұсынылып, мерекелік көңіл күйді мазмұнды мәдени бағдарлама толықтыра түспек.


Наргиз Еркінбекова

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу