Өскеменде Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай жас сарбаздар ант қабылдады
Өскемен қаласындағы №24 орта мектепте даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, қазақ халқының біртуар перзенті Бауыржан Момышұлының 115 жылдық мерейтойына арналған жас сарбаздардың салтанатты ант қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Патриоттық рухты дәріптеуге бағытталған шараға мектептің 5–8 сынып оқушылары қатысып, жас кадеттер Отанға адал қызмет етуге ант берді. Салтанатты жиынға ҚР қорғаныс істері саласының ардагерлері, ІІМ Ұлттық ұланының «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының, облыстық білім басқармасының, ардагерлер кеңесінің өкілдері арнайы шақырылды.
Рәсім басталар алдында қонақтар мектеп залында ұйымдастырылған қолөнер бұйымдары мен «Жас сарбаз» қозғалысының жетістіктері қойылған көрмені тамашалады. Көрменің қақ ортасында Бауыржан Момышұлының соғыс жылдарындағы әскери киімдегі портреті мен оның қанатты сөздері орналастырылды.
Мектеп директоры Ләззат Мәуітқанның айтуынша, бүгінде білім ордасында «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының төрт сыныбы жұмыс істейді. Онда 75 тәрбиеленуші қауіпсіздік саласындағы практикалық дағдыларды, өзін-өзі қорғау негіздерін, қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін меңгеріп, әскери қызметтің қыр-сырын үйренуде.
Ант қабылдаған оқушылардың кеудесіне арнайы он жеті жауынгердің есімі жазылған төсбелгілер тағылды. Қазіргі таңда ұйым ҚР Қорғаныс министрлігі және Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Әскери қызмет ардагерлері мен офицерлердің тәлім-тәрбиесі жас ұрпақтың өмірлік мақсат айқындауына, жоспарлы әрекет етуіне және табысты нәтижеге жетуіне жол ашуда.
Айта кету керек, «Жас сарбаз» тәрбиеленушілерінің оқу үлгерімі мен тәртібі де айтарлықтай жақсарған. Соңғы үш жылда олар қалалық «Тәуелсіздік – арманым, жырымды саған арнадым» патриоттық әндер байқауында, әскери-спорттық ойындарда жүлделі орындарға ие болып, «Жас құтқарушы» сайысында үшінші орынды иеленді. Сондай-ақ жол қозғалысының жас инспекторларының қалалық слетінде үздік атанды.
Мектепте дәстүрлі түрде Ұлы Жеңіске арналған «Әскери ән және сап түзеу» байқауы өткізіліп келеді. Патриоттық акциялар, спорттық жарыстар, салтанатты жиындар мен концерттер де жас сарбаздардың қатысуынсыз өтпейді. Бұл жолы да мерекелік концерттік бағдарламаны Ұлттық ұланның 5518 әскери бөлімінің әскери оркестрі майор Максим Наговициннің жетекшілігімен сүйемелдеді.
Сондай-ақ, жас сарбаздар қалалық мемориалдық және мерекелік іс-шаралардың белсенді қатысушылары. Олар ардагерлерге құрмет көрсетіп, үйлеріне арнайы барып тағзым жасауды да дәстүрге айналдырған.
Айта кету керек, қазіргі таңда сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келе жатқан облыс орталығының бірден бір үздік білім шаңырағы – №24 орта мектепте 1500-ден астам оқушы білім алуда.
Дәурен Аллабергенұлы
Жайна Сыранова




