"Алтайдың" бұрынғы бапкері "Жетісуға" келді
«Алтай» волейбол командасының бұрынғы бапкері Жанболат Бурхан енді «Жетісуды» жаттықтырмақ, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Естеріңізде болса, түрік маманы өскемендік ұжымды 2015-2017 жылдар аралығында баптаған. Сол аралықта команда екі мәрте ел чемпионы атанып, клубтық Азия чемпионатының жартылай финалына дейін жеткен. Дәл осы Бурханның кезінде командаға Сана Анарқұлова мен Кристина Аниконова сияқты танымал волейболшылар келген. Алайда 2017 жылғы ел біріншілігі аяқталғаннан кейін өскемендік клуб пен бапкер арасындағы әріптестік тоқтатылған.
Енді шетелдік жаттықтырушы «Алтайдың» ішкі біріншіліктегі басты қарсыласы саналатын «Жетісудың» тізгінін ұстады. Демек, соңғы жылдары екі клуб арасында орын алған қызу бәсекелестік алдағы маусымда одан сайын арта түседі деуге толық негіз бар. Бір қызығы, бүгінде талдықорғандық клубта Бурханның «Алтайдағы» бұрынғы шәкірттері Юнеска Роблес Батиста мен Әлия Батқұлдина өнер көрсетуде.
Айта кетейік, өскемендік «Алтай» Ұлттық лига командалары арасындағы соңғы төрт ел біріншілігінің (2016-2019 жылдары) жеңімпазы атанған. Ал оған дейін жеті жыл қатарынан ел чемпионы атағына дәл осы талдықорғандық команда қол жеткізген болатын.