ШҚО оқушылары Ресейде өткен Олимпиадада екі алтын, үш күміс, бір қола жүлдеге ие болды
Шығыс Қазақстан облысының оқушылары Ресейде өткен Олимпиадада екі алтын, үш күміс, бір қола медаль алып қайтты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
22-27 сәуір аралығында Ресейдің Королёв қаласында «Созвездие -2019» атты оқушылар Олимпиадасы өтті. Аталмыш білім бәйгесіне Қазақстан және Ресей елінің оқушылары жыл сайын қатысады. Бұл жолы тек Шығыс Қазақстан атынан 8 оқушысы «Человек-Земля-Космос» ғылыми-зерттеу жобалар сайысында сынға түскен еді. Олардың екеуі алтыннан алқа тақса, үшеуі күміс жүлдеге ие болды. Тағы бір жерлесіміз қолаға қол жеткізді.
Қоршаған ортаны қорғау мәселелері тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жобалар сайысында бақ сынаған Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары екі аталым бойынша екі екінші орынға ие болды.
Назарбаев мектебінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 11 сынып оқушысы Аяулым Сейткамзина балалардың өсуі мен дамуына минералды-протеинді кешеннің әрекетін зерттеп, «Жерді сақтап қаламыз» аталымы бойынша сайысқа түскен. Жоба жетекшісі – биология пәнінің мұғалімі Алма Тұңғышбаева, ғылыми жетекшісі – биология ғылымдарының докторы Александр Воробьев.
Ал оныншы сынып оқушысы Алдияр Бекжігітов планеталарды отарлау және ғылыми-зерттеу базалары мен автономды қоныстарды құруға арналған тұйық экожүйені әзірлеген екен. Жоба жетекшілері – физика пәнінің мұғалімі Айдын Түсіпжанов мен биология пәнінің мұғалімі Ақмарал Тоқтарбекова. Алдиярдың жобасы «Ғарыш зертханасы» аталымына ұсынылған болатын.
Олимпиада қортындысы бойынша аталған екі зерттеу жұмысы да II дәрежелі дипломмен марапатталды.
Өңірдің ғана емес, ел намысын қорғаған тағы бір қатысушымыз – 10 сынып оқушысы Мирас Есмұратұлы еді. Ол «Жасанды су айдындарындағы су деңгейін бақылауды автоматтандыру» жобасын ұсынды. Жетекшісі – физика пәнінің мұғалімі Айдын Түсіпжанов, Ерасыл Тілеудин. Олимпиада қорытындысы бойынша Мирас сертификат алды.