Сенімге негізделген қылмыс: ШҚО-да ипотекалық алаяқтық әрекеті әшкереленді
Өскемен қаласында тұрғындардың сеніміне кіріп, қаражат жымқырған ірі алаяқтық фактісі тергелуде. Қала тұрғыны полицияға жүгініп, танысының «баспана алуға көмектесемін» деген желеумен оның 9 миллион теңгесін иемденіп кеткенін хабарлаған, деп хабарлайды Altainews.kz.
Алғаш қарағанда тұрмыстық мәміле секілді көрінген бұл жағдай жедел тергеу барысында күрделі әрі жүйелі қылмыстық схемаға ұласқаны анықталды. Құқық қорғау органдары осыған ұқсас бірнеше дерекке қатысы бар 40 жастағы күдіктіні анықтады.
Тергеу материалдарына сәйкес, ол азаматтардың сеніміне кіріп, ипотекалық несие рәсімдеу, жылжымайтын мүлік сатып алу немесе тиімді қаржылық салым жасауға көмектесемін деген уәделер арқылы олардың ақшасын алдап алған. Әрбір эпизод бойынша келтірілген материалдық шығын көлемі 3 миллионнан 8 миллион теңгеден асып отыр.
Алаяқтықтың бұл түрі — қоғамда жиі кездесетін «сенімге негізделген қылмыстың» айқын көрінісі. Қаржылық сауаттылықтың төмендігі мен баспанаға деген сұраныстың жоғары болуы осындай қылмыстарға жол ашып отырғаны да жасырын емес.
Қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, барлық мән-жай жан-жақты тексерілуде. Тергеу әрекеттері жалғасуда, күдіктінің өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.
Осы орайда Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті азаматтарды барынша сақ болуға шақырады. Ресми келісімшартсыз ақша бермеу, үшінші тұлғалардың өтініші бойынша несие рәсімдемеу және кез келген қаржылық мәмілені тек заңды жолмен жүзеге асыру — өз қауіпсіздігіңізді қорғаудың басты кепілі.
Күмәнді жағдайлар туындаған жағдайда, дереу «102» нөміріне хабарласу ұсынылады.