Николай Проскурин: – «Торпедоның» тең жартысын өзгертемін
«Торпедоның» құрамы Жоғары хоккей лигасының үздік ойыншыларымен толығуы мүмкін. Бұл туралы арнайы баспасөз мәслихаты барысында өскемендік клубтың президенті Николай Проскурин мәлім етті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бір айта кетерлігі, аталмыш кездесуге БАҚ өкілдерімен қатар, ардагер спортшылар мен жанкүйерлер де қатысып, клуб басшылығы мен бапкерлер құрамына өздерін толғандырған сауалдарды қою мүмкіндігіне ие болды. Басқосу барысында біраз мәселе қозғалды, ұсыныстар айтылды. Мәселен, хоккей ардагерлері команда құрамын жасақтауда жергілікті, қазақстандық хоккейшілерге басымдық берілсе деген тілектерін айтты. Өз кезегінде клуб президенті бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарыла бастағанын жеткізді.
– Команда құрамы толықтай жаңармаса да, едәуір өзгеріске ұшырайды. 1 мамырда трансферлік маусым басталатынын білесіздер, осыған қатысты бірнеше жаңалығымыз бар. Бірақ әзірге оларды жариялай алмаймын. Бәрін уақыты келгенде білетін боласыздар. Бір айтарым, біз ЖХЛ-дағы үздік ойыншалармен келіссөздер жүргізудеміз. Дегенмен, өз шәкірттерімізді де назардан тыс қалдырмаймыз. Өскемен хоккей мектебінің бірнеше түлегімен келісімшарт жасап, оларды негізгі командаға қабылдауға әзірміз, – деді Н.Проскурин.
Естеріңізде болса, былтырғы чемпионатта өскемендік клубтың намысын қорғаған 30-ға жуық ойыншының небәрі бесеуі ғана Қазақстан азаматы болған. Қалғаны негізінен ресейліктер еді. Ал биылғы жағдай басқаша болайын деп тұр. Мұны клуб президенті де жасырмады.
– Алдағы маусымда «Торпедоның» негізін қазақстандық хоккейшілер құрамақ. Кемі 15 ойыншы отандасымыз болады. Рас, командадан бірнеше тәжірибелі ойыншы кетті. Олардың ішінде әсіресе Максим Капитуров пен Андрей Белозеровтың орны бөлек. Дегенмен, олардың орнына тәжірибелі хоккейшілер келеді. Бұған қоса командаға өскемендік жанкүйерлерге жақсы таныс Джордон Сауторн, Тэннер Сорренсон сияқты хоккейшілерді қайта шақыруды көздеп отырмыз. Команда тізгінін «Торпедоны» 2016-2017 жылдарғы маусымда өрге сүйреген Алексей Ждахин ұстағанын ескерсек, алдағы маусымнан күтер үмітіміз көп, – деді клуб президенті.
Ол, сонымен қатар Ждахинның көмекшісі қызметін бұған дейін «Торпедоның» бас бапкері болған Евгений Фадеев атқаратынын, ал Қазақстан біріншілігінде өнер көрсететін «Алтай» командасында дәл осындай міндет тағы бір жерлесіміз Досжан Есіркеновтың мойнына жүктелетінін хабарлады. Бұл екі экс-хоккейші де қажетті бапкерлік курстардан өтіп үлгеріпті. Осы ретте Николай Проскурин клуб басшылығы Талғат Жайлауовқа да бапкерлік қызмет ұсынғанын, алайда шабуылшы одан бас тартқанын жеткізді.
– Болашақта бапкерлерді де, ойыншыларды да өз отандастарымыздан ғана таңдайтын боламыз. Біз бұл бағытта тиісті қадамдар жасаудамыз. Ал әзірге жігіттеріміз сақа мамандармен қолтықтаса жұмыс істеп, тәжірибе жинақтауы тиіс, – деді клуб басшысы.
Кездесу барысында, сонымен қатар «Алтай» және «Алтай-Торпедо» командаларына, сонымен қатар өскемендік клубтың қарамағына өткен жергілікті хоккей мектебіне қатысты мәселелер де сөз болды.