KZ
Өскемен
-11°
пасмурно жел 3 м/с, СБ
498.34 519.72 4.85

ШҚО-да өгей әке жасөспірім қызға жылдар бойы зорлық көрсетіп келген

18.04.2019, 10:56 273

ШҚО тұрғыны кәмелет жасқа толмаған өгей қызын бірнеше жыл қатарынан зорлап келіпті. Бар сырын ақтарған жасөспірімге туған анасы сенбеген. Ал сот отырысында, тіпті, қызының ессіз екенін айтып, қылмыскерді қорғады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі  NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.

Мамандандырылған ауданаралық сотының материалдары бойынша, сұмдық оқиға осыдан бірнеше жыл бұрын басталған.  

Эля (баланың есімі өзгертіліп алынды) 11 жасқа толғанда, ата-анасы ажырасып кетеді. Анасы екеуі біраз уақыт жалдамалы пәтерде тұрды. Кейін анасы екінші рет тұрмыс құруға бел буып, Эля болашақ өгей әкесінің үйіне көшіп барады. Көп ұзамай анасы дүниеге нәресте әкеліп, жаңа отбасы толыға түскен.

Үйде әйелі ғана жұмыс істейтін. Отағасы жұмыссыз адам, оның үстіне ара-тұра ішімдікке салынып кететіні де бар көрінеді. Сондықтан кішкене нәрестені енесі өз қамқорлығына алып, Эляның анасы күндіз-түні жұмыста жүреді. Үй шаруасы болса қаршадай қыздың мойнына ілінген.

Бір күні ішімдікке тойып алған өгей әке қызын зорлап тынады. Үрейі ұшқан бала бұл туралы анасына айтудан жасқанып, іштен тынып жүре берген екен. Жазасыз қалған ер адам өгей қызына зорлық көрсетуді тұрақты әдетке айналдырады.

Осылай жасөспірім жылдар бойы жәбір көріп келген. Кейде өз-өзіне қол жұмсамақ болған кездері де аз емес. Бірақ өзіне қиянат жасауға әркімнің дәті бармайтыны белгілі ғой. Ақыры бұл қорлыққа төзе алмаған қыз полицияға барып, басындағы жағдайды айтып берген.

Құқық қорғау органдары педофилді сол күні-ақ құрықтап, тергеу амалдары басталады.

Тергеу жүріп жатқан уақытта Эляға туған анасы мен оның енесі қысым көрсетіп, арызын қайтып алуды талап етеді. Туған анасының қысымына шыдай алмай, Эля полицияға барып, «мұның барлығын ойдан құрастырдым» деп өтірік айтуға мәжбүр болады.

Осымен қылмыстық іс жабылады. Алайда полиция қызметкерінің бірі балаға көрсетілген қысымды іштей сезіп қалған көрінеді. Ол Эляға өзінің телефон нөмірін береді.

Еркіндікке шыққан педофил біраз уақыт өгей қызына жоламай жүрген. Бірақ мұнысы ұзаққа бармайды. Бір күні ол Эляны тағы да зорламақ болады. Жуынатын бөлмеге тығылып үлгерген қыз өзіне телефон нөмірін берген тергеушіге қоңырау шалады. Полиция қызметкерлері үйге жеткенде қылмыстың дәл үстінен түскен екен – мас еркек өгей қызының үстіндегі киімін жыртып, күштеп шешіндіріп жатқан...

Педофил бірден қамауға алынып, зорлық көрген жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жіберіледі.

Сот шешімі бойынша, педофил-әкеге 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.  Алайда сот отырысында қыздың анасының қылығы жиналғандардың жағасын ұстатты. Қызына зорлық көрсетілгенін біле тұра, ол облыстық сотқа аппеляциялық шағым түсіреді. Анасы туған қызын ессіз болғандықтан бәрін ойдан шығарды деп айыптап отыр.

Көп ұзамай бұл әйел ата-аналық құқығынан айырылып, Эля балалар үйіне жіберілді. Онымен жарты жыл бойы психологтар жұмыс істеп, қайта өмірге деген көзқарасын түзетуге тырысқан екен. Биыл Эля 17 жасқа толады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу