Өскеменде шеберлер мұқтаж балаларға велосипед құрастырып беріп жүр
Өскемен құрылыс колледжінің студенттері жеті жастағы балаға қуаныш сыйлады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Осыдан бір ай бұрын әлеуметтік желіге бір жарнама тараған еді. Жарнама деген аты жағымсыз естілгенімен, ол Өскемен құрылыс колледжі студенттерінің қайырым жасау мақсатында ұйымдастырған акциясы болатын. «Сізде ескі велосипед болса, оны жазға дейін бізге өткізуіңізді сұраймыз. Біз жөндеп, велосипед сатып алуға мүмкіндігі жоқ жандарға сыйлаймыз. Балақайлардың жазғы демалысын көңілді өткізуіне көмектесейік!» делінген онда.
Сонымен не керек, жарнама тараған күннің ертеңінде-ақ шеберханаға екі белесеубет жетіп келеді. Сосын тағы келе бастайды. Әлбетте мына күйлерінде іске жарауы неғайбыл.
– Басшылық колледж шеберханасын пайдалануға ғана рұқсат еткен жоқ, өзге керек-жараққа да қаражат бөліп отыр. Ал велосипедке мұқтаж болып отырған балалардың тізімін қалалық жұмыспен қамту орталығынан аламыз. Бізбен келісімге келген орталыққа және іске жарамсыз велосипедті ерінбей өткізіп жатқан адамдарға алғыс айтамыз. Бүгін қайырымдылық шарасы жемісін берген алғашқы күн. Темір тұлпарды Тайыр деген бала тақымдайды енді, – дейді құрылыс колледжінің өзін-өзі басқару ісі жөніндегі президенті Владимир Столбовский.
Қызық болғанда, Тайыр дәл бүгін жеті жасқа толыпты! Туған күнінде тамаша тартуға ие болған баланың анасы қуанышын жасыра алмады.
Шебер студенттер: «Тосынсыйымыз мұнымен таусылмақ емес. Балалар күні қарсаңында тағы 14 велосипед дайын болып қалады деп болжап отырмыз», дейді. Іске сәт!
Осы орайда жастардың Шәкәрім Құдайбердіұлы көшесі (бұрынғы Ворошилов) бойындағы шеберханада екенін айтпақпыз. №79 үй. Ал байланыс телефоны міне: 8 (777) 765 27 69. Мархабат!