KZ
Өскемен
+4°
туман жел 2 м/с, В
478.93 534.96 5.16

«Жұлдызшаның» жеңімпаздары бір миллион теңгеге ие болды

1.04.2019, 10:32 277

Алтай қаласында шайбалы хоккейден балалар мен жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі облыстық «Жұлдызша» жарысы мәресіне жетті. Осымен сегізінші рет ұйымдастырылған турнирдің жеңімпаздары алдағы уақытта республикалық додада облыс намысын қорғайтын болады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Айта кетейік, облыстық мәртебеге ие жарысқа 5 пен 8 сынып оқушыларынан құралған командалар қатысқан-ды. Биылғы додаданың іріктеу сындарында аймақтың барлық ауданы мен қаласының ұжымдары бақ сынап, үздіктері Алтай шаһарында өткен финалдық кезеңге жолдама алған болатын. Финалдық кезеңнің ойындары мен жарыс жүлдегерлерін марапаттау рәсімі қалада жаңадан бой көтерген хоккей модулінде өтіп, оған Алтай ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов пен шығысқазақстандық хоккейдің ардагерлері арнайы қатысты.


– «Жұлдызша» жарысының мәні мен мәртебесі жыл өткен сайын артуда. Ең бастысы, облыста нағыз ерлер ойыны саналатын хоккейге бет бұрған жастарымыздың қатары көбейіп келеді. Бүгінгі жарыс соның бір дәлелі іспеттес. Осы ретте турнир алғаш рет облыс орталығынан тыс жерде өтіп жатқанын да атап өткен жөн. Негізі доданың Алтай қаласында жалауын желбіретуі тегін емес. Себебі, біздің шаһарда осыдан біраз бұрын тамаша хоккей модулі пайдалануға берілген болатын. Облыс басшылығы атынан сіздерді «Жұлдызша-2019» жарысының аяқталуымен құттықтаймын. Биылғы турнирде топ жарған хоккейшілер республикалық жарысқа қатысуға мүмкіндік алып отыр. Сол жарыста жас хоккейшілеріміз облысымыздың намысын абыроймен қорғайтындарына сеніміміз мол, – деді Алтай ауданының әкімі.
Ал енді жарыс қорытындыларына келер болсақ, биылғы турнирде өскемендік және алтайлық командалар алдына жан салмады. Облыс орталығының жас хоккейшілері үлкен топта (7-8 сынып оқушылары) үздік атанса, айдын иелері 5 пен 6 сынып оқушыларынан құралған командалар бәсекесінде ешкімге дес бермеді.


Осы ретте, жеңімпаз командалардың әрқайсысына облыс әкімінің арнайы жүлдесі – бір миллион теңгенің сертификаты тапсырылғанын айта кеткен орынды.


Сонымен қатар жүлделі орындарға Глубокое және Ұлан аудандарының хоккейшілері көтерілді. Бұл командалар да сый-марапаттан кенде болған жоқ. Ал жарысқа демеушілік жасаған жергілікті кәсіпкерлер Арман Бұқатанов пен Қанат Еділбаев турнирдің үздік қақпашысы, қорғаушысы мен шабуылшысы атанған ойыншыларды назардан тыс қалдырмай, әрқайсысына ақшалай сыйлықтар табыс етті.


– Ақшаны жаңа хоккей құрал-жабдықтары мен киім-кешектер сатып алуға жұмсаймыз. Өйткені, ауданымызда соңғы жылдары қысқы спорт түрлеріне, оның ішінде әсіресе хоккейге деген қызығушылық біршама артқан. Бірнеше айда Алтай қаласындағы хоккей секциясына 20 шақты балақай қабылданды. Бұл турнирден кейін хоккеймен айналысамын деушілердің саны одан сайын артатынына күмәнім жоқ, – дейді жарыста топ жарған Алтай ауданы командасының бапкері Дмитрий Ларионов.


Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Қажымұқан Оспанғалиевтің айтуынша, облыстық «Жұлдызша-2019» жарысының іріктеу сындары мен финалдық кезеңіне үш мыңнан астам жас хоккейші қатысыпты. Олардың арасында жалпы білім беретін мектептердің мамандандырылған спорт сыныптарының оқушылары да бар.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив