KZ
Өскемен
-10°
пасмурно жел 3 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Өскеменде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «Skills for geeks» облыстық чемпионаты өтті

29.03.2019, 03:25 271

Өскеменде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Skills for geeks» атты облыстық чемпионат өтті. деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

 

Биылғы чемпионаттың ерекшелігі сол, оған қатысушылар 3D модельдеу, бағдарламалау, сондай-ақ робототехника саласы бойынша бақ сынасты. Осы орайда, бұған дейін бұл чемпионаттың қатысушылары тек роботты техника саласы бойынша өзара жарысып келгенін айта кеткен орынды.

 

Чемпионат «Нұр Отан» партиясының бастамасымен «Балаларға арналған тегін ІТ-сыныптар ашу» жобасы аясында ұйымдастырылды. Оған облыс әкімдігі қолдау көрсетті. Аталмыш чемпионатқа қатысу үшін 2134 оқушы өтініш білдіріп, аудандық және қалалық іріктеу кезеңдеріне қатысып, бақтарын сынапты. Нәтижесінде ең үздік ІТ-шешімдерді ұсынған 246 оқушы облыстық чемпионатқа жолдама алған. Олардың қатарында «Ақ ниет» мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернатының оқушылары бар. Жарысқа қатысушылар жас ерекшелігіне байланысты «10+» және «14+» деп екі топқа бөлінді. Чемпионат барысында балалар «PTC Creo Parametric 3.0», «Blender» сынды қиын бағдарламалардың шешімін тауып, «Сумо» және «Кегельринг» бойынша өзара жарысты.

 

Бұл күні айтулы доданы 700 адам тамашалап, балаларға жанкүйерлік етті. Чемпионатта 3 D модельдеу бойынша сынға түскен балалар сары түсті жейде кисе, жас бағдарламашылары қызыл, роботты техниканы жетік меңгерген балалар көк түсті киімдерді киді. Чемпионат басталмас бұрын іс-шараға келген мәртебелі қонақтар мен оқушылар ІТ технология саласын тереңдетіп оқытатын арнайы шеберлік сыныптарына қатысып, экскурсия жасап қайтқан.

 

Солардың бірі – Бекжан Бекболат. Ол Курчатов қаласынан келіпті.

– Чемпионатқа қатысу үшін тыңғылықты дайындалып, 3D модельдеу бойынша жоба дайындап келдік, - дейді ол.

 

Чемпионаттың ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бірінші төрағасы Әнуарбек Мұхтарханов қатысып, жас өнертапқыштарға сәттілік тіледі.

 

– Өткен жылы облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен «Менің мектебім» акциясы аясында аймақтағы 277 білім ошағы Назарбаев зияткерлік мектебінің стандарты бойынша қайта жабдықталды. Оның ішінде 277 It-сыныптары ашылды. Бүгінде онда оқушылар веб-дизайн, роботтық техника, мехатроника, бағдарламалау негіздері және 3D модельдеу бойынша тереңдетілген білім алуда. Бұл балалардың креативті ойлау қабілетін жетілдіреді. Компьютерлік техниканы меңгерген жастар келешекте үлкен сұранысқа ие болады. Болашақта бүкіл әлем осы салаға бет бұрады. Сол себепті біз де көштен қалмаудың қамына кірістік, - дейді Әнуарбек Мұхтарханов.

 

Айта кетейік, ағымдағы оқу жылында облыстағы 378 шағын комплектілі мектепте ІТ сыныптары ашылуда. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, ағымдағы жылдың 1-шілдесіне дейін өңірдегі мектептерге 2869 жаңа компьютер мен 500-ге жуық интерактивті тақта сатып алынады. Оған облыстық бюджеттен 899,4 миллион теңге қарастырылған. Сондай-ақ өткен жылы өңір мектептерінің 544 мұғалімі «ІТ-технологиялар бағдарламасы» бойынша қайта даярлаудан өтіпті. Ал биыл 573 мұғалім дәл осындай курсқа барып, біліктіліктерін шыңдап қайтпақ.

 

– Облыстағы білім саласында атқарылып жатқан жұмыстардың дені балалардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталып отыр, - деді Әсем Нүсіпова.

 

Чемпионат барысында балалардың біліктілігін арнайы мамандар бақылап, оң бағаларын берді. Олардың қатарында Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың оқытушылары мен ІТ-саласының үздік мамандары бар. Жарыс барысында оқушылар теориялық және практикалық білімдерінің мықты екенін көрсете білді.

 

Солардың бірі – Мәди Нұржанұлы. Ол Катонқарағай ауданындағы Дамитов орта мектебінің оқушысы. Болашақта ІТ саласының маманы болғысы келеді.

 

– Мектепте роботты техника сыныбы бар. Біз онда мұғалімдермен бірге сабақтан тыс уақытта әртүрлі компьютерлік бағдарламаларды жасап шығарумен айналысамыз, - дейді ол.

 

Облыстық чемпионаттың қорытындысы бойынша үздік жоба ұсынған оқушыларды Әсем Нүсіпова мен Әнуарбек Мұхтарханов құттықтап, балаларға құнды сыйлықтар мен мақтау қағаздарын табыстады.

 

Чемпионаттың қорытындысы бойынша «Бағдарламалау» аталымы бойынша "10+"жас аралығындағы командалар арасында Өскемен құрамасы жеңіске жетті. Ал "14+"жас аралығындағы командалар арасында облыстық мамандандырылған мектептің командасы үздіктер қатарынан көрінді. Ал «3D модельдеу» аталымы бойынша "10 +"жас аралығындағы командалар арасында Үржар ауданының құрамасы жеңіс тұғырынан көрінсе, "14+"жас аралығындағы командалар арасында семейлік оқушылар бірінші орынды жеңіп алды.

 

«Роботты техника» аталымы бойынша "10+"және "14+"жас аралығындағы командалар арасында облыстық мамандандырылған мектептің құрамасы иеленді. Ал жалпыкомандалық есепте "10+" жас аралығындағы командалар арасында облыстық мамандандырылған мектептің құрамасы бірінші орынды жеңіп алды. Жеңімпаздарға арнайы кубоктар, дипломдар, медальдар берілді. Сондай-ақ роботты техникаға арналған құралдар тарту етілді. Екінші орынды Семей құрамасы иеленді. Оларға 3D принтер табысталды. Үшінші орынды Абай ауданының құрамасы иеленіп, ноутбукке ие болды. Жалпыкомандалық есепте "14+"жас аралығындағы командалар арасында Глубокое ауданының құрамасы жеңіске жетті. Екінші орынды облыстық мамандандырылған мектептің құрамасы иеленді. Ал үшінші орындға семейліктер табан тіреді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар, сондай-ақ медальдар табысталды. Чемпионат қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте қола медаль иеленген жеңімпаздарға ноутбуктер берілсе, күміс медальды иеленген оқушыларға 3D принтер табысталды. Алтын медаль иегерлеріне роботты техникаға арналған оқу құралдары тарту етілді. Чемпионат соңында 246 қатысушыға арнайы сертификаттар табысталды. Чемпионат қатысушылар құраған әнұранмен аяқталды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу