«Менің мектебім» мен «Білікті маман» – болашаққа салынған инвестиция
Облыс әкімі Даниал Ахметов білім беру саласындағы жүйелі жобалардың жүзеге асуына ерекше мән береді. Өйткені көптілділік, болашақтың мамандықтарын бағдарлау және жоғары білімге қолжетімділік – жас ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың нақты қадамдары.
Үштілді білім беруді дамытудың үш жылға арналған бағдарламасын іске асыру нәтижесінде 3,5 мың тілдік пән мұғалімдері біліктілігін арттырған. Ағылшын және қазақ тілдері бойынша 450 мыңнан астам жаңа оқулық сатылып алыныпты. Нәтижесінде тілді оқыту әдістемесін меңгеру деңгейі 14 пайыздан 80 пайызға артып, оқушылардың білім сапасы көрсеткіші 20%-ға жеткен.
Биылдан бастап көптілді білім беруді дамытудың кешенді жоспары іске асырыла бастады. Бағдарламаға француз және неміс тілдері де енгізілген. Үш жыл көлемінде 3,7 мың педагог біліктілігін арттырмақ.
«Менің мектебім» жобасы бойынша өңірдегі кәсіпорындар мен бизнес өкілдері мектептердің дамуына өздерінің үлестерін қосты, жеке қаржыларына 476 физика, биология және робототехника кабинеттерін заманауи құралдармен жабдықтады. Жалпы алғанда, меценаттардың құйған қаржысы 2,8 млрд. теңгеден асып жығылды.
647 мектепті IT-сыныптармен жабдықтау аяқталды. Бұл сыныптарда оқушылар робот техникасы, 3D модельдеу және бағдарлау бойынша тегін білім алады. Үстіміздегі жылы жоба шағын комплектілі мектептердегі білім сапасын арттыруға бағытталды. 371 шағын комплектілі мектепте IT-сыныптар (2876 техника кешені) орнатылды. Шағын комплектілі мектептердің 573 мүғалімі аранайы курстан өтті.
Барлығы 1127 мұғалім робототехника, мехатроника, бағдарлау бағдарламасы бойынша оқытудан өтіп, IT-мамандығын алды.
Мұның барлығы оқушылардың жаратылыстану-ғылыми циклі пәндері бойынша білім сапасы көрсеткішін 44 пайыздан 66%-ға көтеруге ықпал етті.
– Осылайша, біз ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты азайттық, IT бағдарлама бойынша оқушылардың білімін жетілдіруге жағдай жасадық, – дейді аймақ басшысы.
Облыс оқушылары әртүрлі сайыстарда IT саласы бойынша жоғары жетістіктерге жетуде. Үстіміздегі жылдың наурыз айында өткен Skills for geeks чемпионатының үш кезеңіне 277 команда және облыстың барлық ауданынан 2134 оқушы қатысты.
Жастар жылының аясында алғаш рет облыстық «Jastar Time» атты IT-хакатон өтті. Оған 14 команда қатысып, бағдарлауда өте талантты 40 бала, яғни аймақтағы жергілікті ЖОО мен колледж студенттері қатысты.
Жастар жылы шеңберінде 16 мамырда облыс орталығында жыл сайынғы VII «Jastar Time» IT-фестивалі болып өтті. Онда 200-ден астам мектеп оқушылары мен колледж, ЖОО студенттері өздерінің ғылыми жобаларын ұсынды. «Мейкерство», «Junior Skills», «Startup-жобалар», «Closter Pro» және робополигон секілді төрт сектор бойынша 95 жобаның тұсауы кесілді.
Өткен жылдың желтоқсан айында оқушылардың 10 Startup-жобасына «Digital East – болашаққа қадам» IT-форумы аясында 10,6 млн. теңге грант берілді.
Осындай жобалардың арқасында жастардың мехатроника, инженерлік графика, робот техникасы, авиациялық жүйені ұшқышсыз бағдарлау секілді болашақтың мамандықтарына ерекше қызығушылықтары артуда.
Өңірдегі жергілікті ЖОО-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру және мектеп түлектерінің сыртқа ағылуын тоқтату мақсатында үш жылдың ішінде «Білікті маман» жобасы бойынша Шығыс Қазақстан облысында өңірге қажетті мамандарды әзірлеу үшін 1046 оқу гранты бөлінді, оның ішінде 400 грант биыл бөлінді.
Осылайша, 2016 жылмен салыстырғанда жоғары білімнің қолжетімділігі 48 пайыздан 56 пайызға артып, облыстағы мектеп түлектерінің шетелдік жоғары оқу орындарына түсуі үш есеге азайған.