Қазақстанда зейнетақының орташа мөлшері қанша?
Елімізде қазіргі күні 2 млн 276 мың зейнеткер тұрады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, 1 желтоқсандағы жағдай бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 108 960 теңгені құраған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Биылғы 11 айда қазақстандықтарға 2,7 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді. Тек қараша айында ғана 245,9 млрд теңгеге зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге – 74,9 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге – 171 млрд теңге бөлінді.
Айта кету керек, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатын болады. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.