Өскеменде жылу мен су мәселесі қалай шешіліп жатыр?
шартты сурет
Жергілікті атқарушы органдардың алдында тұрған басым бағыттардың бірі – Өскемендегі барлық ықшам аудан тұрғындарын сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету.
Жылыту маусымын мерзімінде және сапалы өткізу үшін «Өскемен ЖЭО» ЖШС-ның 24 негізгі және көмекші құрал-жабдықтары, «Согра ЖЭО» ЖШС-ның үш қазандық агрегаты мен екі турбогенераторы, екі байланыс трансформаторы жөнделді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
«Өскемен жылу жүйелері» АҚ-ның ұзындығы 6,3 шақырымдық жылумен қамту желісіне күрделі және ағымдық жөндеу жүргізілді.
Қаланың барлық ықшам ауданы тұрғынарына сапалы коммуналдық қызметтер қолжетімді болуы үшін Красин кентінің 54 шақырымдық сумен қамту желісі қайта жаңғыртылып, 4 740 адам (1505 абонент) сапалы ауызсумен қамтылды.
Айналма магистралі (Алматы тас жолы) ауданының тұрғын үйлерін сумен қамту желілері салынды. Жаңа Өскемен су шарбағының құрылысы аяқталды, нысан көктемде іске қосылады. Мұнда сағатына екі мың текше метрге дейін су беретін 15 құбыр жұмыс істейді.
Щербаков көшесіндегі жылумен қамту желілерінің құрылысы аяқталды. Нәтижесінде 151 пәтерлі сегіз үй жылуға қосылды.
2023 жылы Рабочая көшесіндегі 1,2 шақырымдық сумен қамту желісіне қайта жаңғырту жүргізілмек, 39 үйде тұратын 117 адам сумен қамтылады.
Бірінші жарты жылдықта №30, 31 кәріздік сорғы стансасын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталады.
«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша Абай даңғылының Солтүстік өнеркәсіп торабындағы кәріз жүйесін жобалауға және салуға қаржы бөлінді.