Докторантураға түсуге өтініш қабылдау басталды
Фото: bilimdinews.kz
Бүгіннен бастап елімізде докторантураға түсуге өтініш қабылдау басталды. Өтініш беру кезінде тек тестілеу орнын (қаласын) таңдай аласыздар.
Ал тест тапсыру күні, уақыты, мекенжайы туралы ақпарат 9 тамызда жеке кабинетіңіздің «Менің іс-әрекетім» бөлімінде ұсынылады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Өтінім беру Testcenter.kz сайтында 3 тамызға дейін жалғасады. Оған дейін білім бағдарламаларының тобына, тест тапсыру тілі мен орнына (қаласына) өзгеріс енгізуге мүмкіндік беріледі.
Тестілеуге қатысу құны - 21 072 теңге.
- TOEFL ITP сертификаты бар тұлғалар ДТЕ басталғанға дейін ағылшын тілін білуге арналған қосымша тестілеу (қосымша тестілеу) тапсырады. Қосымша тестілеу өткізу орны мен уақыты туралы ақпарат 4 тамызда талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді болады. Қосымша тестілеуге қатысу құны - 14 162 теңге.
- Былтырдан бастап түсушілер міндетті түрде ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын сертификат ұсынуы керек.
- Докторантураға «магистр» дәрежесі және кемінде 9 (тоғыз) ай еңбек өтілі бар немесе медицина мамандықтары бойынша резидентурада оқу бітірген адамдар қабылданады.
- Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша және ақылы негізде докторантураға түсу үшін шекті балл - 75.