Оқулықтардың мазмұны талқыланады. Қай сайтта?
сурет: gas-kvas.com
12 ақпаннан бері жаңадан әзірленген оқулықтардың мазмұнына қоғамдық талқылаулар жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы.
"Оқу әдебиеттерін қоғамдық талқылау" сайтында оқулықтар мазмұнының сапасы, құрылымы, әдістемелік тәсілдері, баяндау тілі мен безендірілуіне қатысты қоғам мен ғылыми-педагогикалық қауымдастық өкілдері сындарлы пікірлерін білдіре алады. Онда жаңадан әзірленген оқулықтар бар:
3-сынып – "Еңбекке баулу", "Бейнелеу өнері", "Орыс тілі" (орыс тілінде оқытатын мектептер үшін), шет тілдері (ағылшын, француз);
3,9-11 сыныптар – "Неміс тілі";
5-9 сынып – "Жаһандық құзыреттілік" оқулықтары қағаз нұсқада;
3-сынып – "Цифрлық сауаттылық/ Цифровая грамотность" пәні бойынша электронды оқулықтар.
Қоғамдық талқылауға ғылыми-педагогикалық қоғам өкілдері, әдіскерлер, ғалымдардан бөлек, Қазақстанның кез-келген азаматы да қатыса алады. Ол үшін келесі қадамдарды орындау қажет: веб-порталда тіркелу, оқулықтардың түпнұсқа-макеттерімен танысу және "түсініктеме қосу" тетігі арқылы оқулықтардың мазмұны мен құрылымына қатысты сын-пікірлер, ұсыныстар мен ескертулерді жазу.